СТАЛИНГРАД СҰРАПЫЛЫ немесе «Еңбек майданындағы» қазақ қыздарының тағдыры туралы
СТАЛИНГРАД СҰРАПЫЛЫ немесе «Еңбек майданындағы» қазақ қыздарының тағдыры туралы

Тарихшы мамандардың пікірінше, Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңіне жол ашқан Сталинград шайқасындай сұрапыл да қиян-кескі айқас адамзат тарихында бұрын болып көрмеген. Еділ жағалауындағы шахар үшін болған бұл өмір мен өлім текетіресі бүкіл Еуропаны қанға бояған вермахттың түбегейлі әлсіреп, қирай жеңілуінің бастамасы болған еді. Неміс фашистерінің 1945 жылы Берлинге дейінгі жөңкіле кейін шегінуі дәл осы жерден бастау алды.

Иә, дегенмен, бұл жеңіс Сталинград үшін оңай келмеді. Орасан зор адам шығынын айтпағанда, бірнеше айға созылған үздіксіз атыс-шабыстан әсем қаланың да сау-тамтығы қалған жоқ. Шахарда бомба мен снаряд тимеген, төрт құбыласы түгел тұрған бірде-бір ғимарат қалмады. Жарты миллионға жуық халқы бар мегаполистің орнында тек күйік шалған жарым-жарты қабырғалар, өлік пен қоқысқа толы көшелер ғана құлазып қалған. Енді ел билігінің алдында бұл қаланы қалпына келтіру емес, мүлдем қайта тұрғызу міндеті тұрды.

Сталинградты қайта салу үшін Кеңес одағы көршілес өңірлер халқы арасында «Еңбек майданы» деген ұранмен мобилизациялау шарасын ұйымдастырғаны белгілі. Жаппай жұмылдыру арқылы қираған қалаға жұмысшылар жасақтары жан-жақтан ағылып келіп жатты. Соның ішінде Қазақстаннан да, әсіресе қазіргі Батыс Қазақстан облысынан жүздеген қыз-келіншектердің Сталинградқа қара жұмысқа тартылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Міне, сол жүздеген қыз-келіншектің арасында менің әжем – Нәпиқа Болатқызы да бар еді. Төменде сөз болғалы отырған жайттар – әжеміздің өз көзімен көріп, басынан кешкен, кейін бізге әңгімелеп берген сол естеліктері хақында.

 

Сталинградтықтарға қазақтардың көмегі

Бір жылға жуық уақытқа созылған сұрапыл шайқас 1943 жылдың ақпан айында түпкілікті аяқталды. Кеңес Одағы қаланы қайта салу жұмыстарын Еділ жағалауында соғыс іс-қимылдары тоқтап, фашистерді тықсыра қуып тастағаннан кейін бірден қолға алады. Алайда, қаланы қоқыс пен қирандылардан тазартып, ғимараттарды жөндеу үшін Сталинградтың өзінде жұмыс күші жетіспеді. Өйткені, қала халқының көбі соғыс пен аштықтан қырылған, өзгесі бас сауғалап кеткен. Бір сөзбен айтқанда, өлі қалаға айналған болатын.

Әжемнің айтуынша, ол 1943 жылдың сәуір айында Орал облысының Қазталов ауданынан қара жұмысқа шақырылған. Бұл оның шамамен 24-25 жастағы кезі екен. Ол уақытта ел ішінде еркек кіндікті аз. Барлығы дерлік майданда. Халықты мобилизациялау бойынша Оралдан негізінен тек қыз-келіншектер ғана емес, жастары 60-70-ті алқымдаған шалдар мен бұғанасы қатпаған жас балалар да тартылғанын айта кету керек.

Сталинградта қанқұйлы соғыстың енді саябырсыған кезі. Қалада тіршілік тоқтаған, ешқандай мекеме, дүкен, базарлар жұмыс істемейді. Халық жаппай аштыққа ұшыраған болатын. Сондықтан, сталинградтықтарға Қазақстаннан көмек ретінде үйір-үйір мал айдап бару туралы шешім шығарылады. Оны апару үшін бұл уақытта не пойыз, не көлік жоқ. Содан «Еңбек майданына» шақырылған әйелдерге сол малды жаяу-жалпылап айдап бару жүктеледі. Орал облысынан Сталинградқа дейін шамамен 350-400 шақырым жер.

–                    Жол бойы талай қиындықты көріп, малды шашау шығармай айдап апардық, – деп еске алатын әжем, – Ол кезде мініп жүретін жылқы да жоқ, бәрін майданға әкеткен. Жолда буаз сиырлар бұзаулайды. Жаңа туған бұзаудың тұяқтары жұмсақ, оларға көп жүруге болмайтын. Себебі, тұяқтары қатты жерге тиіп желініп қалады. Ал тұяқтары қатаюы үшін біраз уақыт керек. Бірақ, оны күтіп отыратын шама қайда? Амал жоқ, жаңа туған бұзаулардың тұяқтарын киізбен, матамен шұлғау сияқты қылып байлап тастайтынбыз, – дейді.

Осылай бірнеше күн дегенде Сталинградқа да жетеді.

 

Көңіл құлазытқан көрініс

–                    Қалаға ең алғаш кірген кездегі көргеніміз – қараған адамның жанын мұздатып жіберетін көрініс еді, – дейді әжем, – Қала түгелдей қираған. Әр жерде шашылып жатқан өлі денелер, талқаны шыққан соғыс техникалары, жартылай опырыла құлап, шұрық-тесік жарты қабырғасы ғана үңірейіп тұрған үйлер. Сол үйлердің аман қалған бөлмелерін қуыстап, сұрапыл жағдайды бастан кешкен жандар да (жергілікті тұрғындар) тұрып жатты...

Әжемізді басқа әйелдермен бірге ескі-құсқы баракқа орналастырған. Ешқандай жағдай жоқ. Түнде киіммен ұйықтайды. Тіпті аяқкиімді де шешуге қорқады екен. Өйткені, ұрлап кетеді. Тамақ тек талонмен берілген. «Күніне белгілі грамм ғана нан беріледі. Ет мүлдем жоқ. Ішетініміз – капустаның көк суы, быламық, болса – картоп. Адамдар азып-тозып кетті», – дейтін әжем. Сондықтан, тамаққа күнде талас, бірінікін бірі тартып алатын кездер де орын алған. Әсіресе, түнде ұйықтағанда алаяқ әйелдер кейбіреулердің бір айға берілген талондарын ұрлап алады екен. Талондарынан айырылған бейшара әйелдер жынданып та кеткен. Аштан қатқан. Көбі сүзек ауруына ұшыраған. Күнде тек картоптың көк суын ішкесін әлдері де болмапты. Аштан қатып бара жатқан соң, әйелдер картоптың қоқысқа тасталған қабықтарын жиып, қайнатып, соны талғажау етеді екен. Бірақ, одан көбі іш ауруына ұшыраған. Осылайша, әйелдердің арасында қара жұмыстан емес, аштық пен аурудан қырылғандар көп болыпты...

Қазақстаннан барған бір топ әйелдер бригадасын Сталинград трактор зауытының аумағын тазартуға салады. Жасайтын жұмыстары сол: үйінділерді аршу, тазарту, тасу, тиеу... «Бұл зауыттың соғыс үшін маңызы болғандықтан, ең алдымен осы жерді тез қалпына келтіру тапсырылды», – дейді әжеміз...

 

Трактор зауытының маңызы

Ф. Джерзинский атындағы Сталинград трактор зауыты (1961 жылдан кейін Волгоград трактор зауыты) 20-жылдардағы елді жедел индустриаландыру жоспарлары шеңберінде 1930 жылы ашылған. Бұл КСРО-дағы ең алғашқы трактор зауыты. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын техникаларды шығару саласында тез дамығаны сондай, соғыс қарсаңында Кеңес Одағында өндірілген тракторлардың жартысынан астамы осы зауытта құрастырылып шығады.

Соғыс басталғаннан кейін зауыт толықтай танк және олардың бөлшектерін шығару, сондай-ақ, танкілерді жөндеу орнына айналдырылады. Айта кету керек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің құтын қашырған әрі әлемдегі ең үздік танк деп танылған Т-34 танкілері ең алғаш осы зауытта құрастырылып шығарылған еді. Бұл танкілердің майдан алаңындағы жетістіктерін байқаған фашистер Сталинградты алу барысында ең алдымен осы Трактор зауытын қолға түсіруді көздеді. Зауыт қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Сол себепті, фермахт ең алдымен Сталинградқа солтүстік жақтан тұтқиылдан шабуыл жасайды. Алайда, олар кеңес жауынгерлерімен қоса, жергілікті тұрғындар және зауыт жұмысшыларынан құралған қорғаушылардың тегеурінді қарсылығына тап болып, бірнеше ай бойына ойларын жүзеге асыра алмаған. Неміс жауынгерлері кейін өздерінің мемуарларында қаза тапқан кеңес әскерлерінің арасында зауыттың арнайы формаларын киген жұмысшылардың да барын көріп, таңданғандарын жазады.

Сталинград шайқасы кезінде ең жойқын қоян-қолтық айқастар да негізінен Трактор зауытының маңайы мен оның аумағында жүрді. Бір қызығы, зауыттың аумағындағы жекелей цехтар алма-кезек қолдан-қолға өтіп, шайқас жүріп жатса да, зауыт жұмысын тоқтатпаған, олар бұзылған танкілерді жөндеп, қайта қатарға қосып отырған. Тек 1942 жылдың қыркүйек айында зауыт аумағы толықтай немістер қолына өткесін ғана, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады...

 

Ауыр еңбек

Әжемнің бригадасын және басқа да бірнеше бригаданы дәл осы Трактор зауытының орнын тазарту жұмыстарына салыпты. «Жұмыс өте ауыр, таңертеңнен кешке дейін жасайтынымыз – қара жұмыс. Қара күшке болмайтын жерлерді алдымен тракторлар, танкілер келіп итеріп-итеріп кетеді де, әрі қарай қолдың күшімен көліктерге тиейміз, болмаса басқа жерге тасимыз. Ауыр кесектерді көтереміз деп, мертігіп қалған әйелдер де арамызда аз болған жоқ», – дейді әжем. Ең жантүршігерлігі, қирандыларды аршу кезінде, үйінділер арасынан пәршеленіп, сасып бұзылып кеткен талай марқұмның мәйіттері шыққан. Бөлек-бөлек жатқан қан-қан қол, не үзілген аяқтар, мылжаланған бастар... айта берсе, сұмдық дейді. Арасында қарапайым тұрғындар да, солдат киіміндегілер де бар екен. Талай келіншектер бұл көріністерден кейін тамақтарын іше алмай, ісініп өліп қалғандары да болған. 

Бір күні әжемнің бригадасымен қатарлас жұмыс жасап жатқан басқа бригаданың адамдары не минаның, не гранатаның жойқын жарылысынан түгелдей мерт болады. Содан бұларды басқа жерге ауыстырып, жарылыс болған орынды күн ұзақ тексеріп, екінші күні қайтадан зауыт аумағына алып келген. Санитарлық талаптары сақталмаған баракта тұрып, оның үстіне тамақ жағы мардымсыз болған әйелдер арасында сүзек ауруы тарайды. Әжеміз де көп ұзамай сүзек дертіне шалдығып, еңбекке жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Бұл 1943 жылдың шамамен қыркүйек айы болса керек.

Осы кезде де Сталинградты тазартып, қалпына келтіруге елдің әр аймағынан «Еңбек майданына» адамдар лек-легімен келіп жатыпты. Әжем елге қайтқанда қатарында кәрі шалдар, жас қыздар мен балалар аралас адамдардың құрлық арқылы да, Еділ өзені арқылы да арнайы конвойлардың айдауымен топ-топ болып ағылып жатқанын еске алатын. Елге оралған соң, соғыс басталғалы әскер қатарында Отанды қорғап, 1944 жылы Смоленск қаласы түбінде контузия алып, елге қайтарылған Зұлқарнай Меңдіғалиұлы атамызбен табысып, отау құрады.

Сталинградтағы «Еңбек майданынан» елге ауырып, әлсіреп қайтып келе жатқанда, жолай жортып жүрген ұры-қарылар әжемнің бар ақшасын, ең бастысы – Сталинградты қалпына келтіруге қатысқандығын куәландыратын қажетті құжаттарын ұрлап кетіпті. Сол бір оқиғаны әжем үнемі өкінішпен айтып отырушы еді. Сөйтсем, сол кезде ұрланған құжаттарын таба алмаған, кейін қайтып қалпына келтіре де алмаған екен. Көз көрген адамдар болса да, «дәлелді құжаттарың жоқ» деп жергілікті билік еш илікпеген, көмек қолын созбаған. Ал мұның салдары зейнет жасына жеткенде «Еңбек майданындағы» жанқиярлық еңбегі еленбей, содан арнайы зейнетақы да тағайындалмаған. Әрине, өкінішті-ақ.

Міне, бұл сұпапыл соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан бір ғана қазақ қызының тағдыры. Ал, нәзік жандылар түгіл, ер азаматтардың өзі шыдамайтын дәл осындай ауыр азапты бұдан басқа да қаншама қазақтың қыз-келіншектері бастан кешті?! Бірақ, амал жоқ, бәріне көнген. Не өлім, не өмір деген сол болған...

 

Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)

Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)
3 года назад 1042
3 комментария