Тәубе
Тәубе

(Хадис желісі бойынша)

 

Ерте, ерте, ертеде,

Азғындық пен қылмыс тұнған өлкеде,

Бар өмірі арылмаған күнәдан,

Болған екен кісі өлтіргіш бір адам.

 

Сәл нәрсеге бола ашу шақырып,

Жүрген екен көпке тізе батырып.

Бірақ, кей кез ақыретін еске алып,

Оңашада өкінетін аһ ұрып.

 

Өкініші өртесе де өзегін,

Қылмысына сала алмапты тежеуін.

Ал талай жан бұл кәззаптың қолынан,

Ажалының күтіп тұрды кезегін.

 

Тірлігі оның ұстатады жағаңды.

Сорлы пенде көкірегі қараңғы,

Күннен-күнге күнәсына күнә артып,

Өлтіріпті тоқсан тоғыз адамды.

 

Құрбандардың көбейгенмен тізбегі,

Алладан тек үмітін ол үзбеді.

Ақыл айтып, иманға оны шақырар,

Бір ғалымды жанұшырып іздеді.

 

«Тәубе етпесем тірі тұрған шағымда,

Ертеңгі күн жанбаймын ба жалында?!», –

деген оймен жолығады бір күні,

еліндегі мәшһүр монах ғалымға.

 

Оған айтты: «Көңілімде мол кірбің.

Жүрегімді шер мен мұңға толтырдым.

Осы күнге дейін мына қолыммен,

Тоқсан тоғыз адамды мен өлтірдім.

 

Бір басымда күнәларым көп менің.

Уайым болды мағынасыз өткенім.

Егер енді тәубе қылсам, Жаратқан,

Сол күнәмді кешіре ме тек менің?

 

Алдымда бар ажал дейтін бір ақыр,

Тозақтағы оттан қорқам сұрапыл.

Бір Алланың тура жолын табатын,

Айтыңызшы маған қазір бір ақыл».

 

«Қылмысыңның сезіп тұрмын шамасын, –

деді ғалым, – Енді не бақ табасың?

Алла сені кешірмейді ешқашан,

Демек, мəңгі жəһаннамда жанасың!».

 

Бұл жауаптан бойын баурап ыза-кек,

Монахты да өлтірді ол тұра кеп.

Осылайша, ажалына жүз жанның

Себеп бопты бойға сіңген сұм әдет.

 

Бірақ, оның жаны тыныш таппады,

Кеңес берер жан іздеді, жатпады.

Сөйтіп жүріп бір ғұлама адамның

Ниет қылып, босағасын аттады.

 

Оған да айтты: «Жүз адамды мерт қылдым.

Қанша жанға ауыр азап шектірдім.

Енді ертеңгі күнім қалай болар деп,

Сізден көмек сұрағалы кеп тұрмын.

 

Ешбір амал жасамаппын ұнамды.

Осыны ойлап ақша жүзім қуарды.

Егер енді шын көңілден тәубе етсем,

Алла менің кешіре ме күнәмді?».

 

Ғалым айтты: «Кешіреді Ұлы Алла.

Тек нəпсіңді салсаң болды бұғауға.

Жаратқанға серік қоспа, басқасын

Шын пейілмен болар, сірə, сұрауға.

 

Айтар болсам саған сырын мұның мен.

Мынау елің – азғын ел ғой бүлінген.

Егер, қалқам, қоям десең күнəңді,

Кету керек басқа жерге бүгіннен.

 

Намазы мен оразасы өтелген,

Тағдыр сынын қаймықпай-ақ көтерген,

Бір Аллаға құлдық қылған бір ел бар,

Бақытыңды табарсың сол мекеннен.

 

Иә, ол жер жақын емес, алыста.

Сен де олармен құлшылық қыл, қалыспа.

Бірақ, қайтып келіп жүрме бұл елге,

Ақыретте жетем десең табысқа».

 

Алғыс айтып, жігіт шықты қуанып,

Ғалым берген кеңестерді құп алып.

Табан тіреп алыстағы сол елге,

Жетсем деген мақсатына жұбанып.

 

Ізгі ойлары алға сүйреп сотқарды,

Ғалым айтқан ғазиз елді бетке алды.

Бірақ, әттең, барар жерге жете алмай,

Орта жолда ажал да оған кеп қалды.

 

Мақсатына жетпей жігіт өледі.

Ажал оның барар жолын бөгеді.

Сол уақытта таласты оның жанына,

Рақым және азап періштелері.

 

Біріншілер білдірді оған мейірім:

«Қараңыздар, оның ізгі пейілін,

Бар қылмысын тастап және тәубе етіп,

Тақуа елге бұрған еді зейінін.

 

Жаратқанға келе жатты ол адымдап.

Жүрегінде иман оты жалындап.

Сондықтан да, лайықты жан жұмаққа,

Біз аламыз оның ғазиз жанын да...»

 

Жауап берді азап періштелері:

«Расында, оның жақсы істері кем еді.

Есесіне, қаншама адам өлтірді,

Тозаққа да осындайлар керегі».

 

Екі жақ та ие болмай жеңіске,

Бірі – тозақ, бірі тартып пейішке.

Сол сәт қазы болу үшін ортаға

Келді адам кейпіндегі періште.

 

«Мен айтайын әділ үкім, көнсеңдер,

Екі жақтың қашықтығын өлшеңдер,

Келген жер мен барар жердің арасы,

Қайсы жақын, соны анықтап көрсеңдер!

 

Несібесін білу үшін оның шын,

Қанша сапар шеккендігі көрінсін.

Жаман жақ пен жақсы жақтың қайсына,

Жақын болса, соған жаны берілсін».

 

Періштелер қоя салып таласын,

Өлшеп жатты екі жақтың арасын.

Жұмаққа ма, тозаққа әлде лайық па,

Білмек керек бұл пенденің бағасын.

 

Оңға барса, жұмағы тұр гүлге орар.

Солға барса, жәһаннамда күл болар.

Өлшей келе, орта жолдан жігіттің

Асып барып өлгендігін білді олар.

 

Бұл марқұмның бар екен ғой көрері.

Ертеңі үшін уайым-қайғы жеп еді.

Осылайша, оның жанын сол күні

Алған екен рақым періштелері...

 

Сіз де бұған зейін қойып, қараңыз.

Бұл хадистен біраз ғибрат табамыз.

Əрқашанда ізгі, иманды жандармен

Бəріміздің жақын болсын арамыз.

 

Азғын орта итермелер жаманға.

Ондай жерден бас тартайық табанда.

Жақсы доспен, тақуалы жандармен

Бірге болған бақыт табар əманда.

 

Көкке дейін жетсе-дағы көп күнəң.

Сеніміңді баспасын тек көк тұман.

Шын тəубеңді қабыл етер бір Алла,

Ешқандай да кедергілер жоқ бұған.

 

Азғырады шайтан сынды жау небір.

Оған ерсең, бар өмірің – əуре кіл.

Көкірегіңде жаның барда кідірмей,

Бір Алладан рақым сұрап, тəубе қыл.

 

Тәубе қыл да, сұра Алладан кешірім.

Ашсын саған жәннат бақтың есігін.

Қаншалықты болса сенің ниетің,

Соншалықты болар және несібің.

 

Тәубе сені жетелейді жұмаққа.

Ниетпенен амал еткін, бірақ та.

Осы шағын хикаядан көргендей,

Тәубешіл жан жетеді екен мұратқа.

 

Ескендір Тасболат

Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)
2 года назад 1091
5 комментариев