Ақыл айту
Ақыл айту

АҚЫЛ АЙТУ

Жыр-насихат қалмасын деп азайып,
Біз де бір кез пайдалы өлең жазайық.
Рақымды Алла ойлансын деп адамға,
Ақыл деген нығмет берген ғажайып.

Айтар ойың нысанаға дөп қонса,
Одан келер пайда, пайым көп қанша!
Ақыл деген бар кезінде жақсы ғой,
Несі жақсы егер баста жоқ болса.

Асылында, негіз болған шындыққа,
Ақыл деген құр сөз емес сырғытпа.
Біреулерге ақыл айтсаң, жақсы ғой,
Тек өзіміз соған амал қылдық па?

Иә, кейде ақылманбыз, көсембіз.
Сөз берілсе, орақ тілді шешенбіз.
Түзейміз деп айналаның барлығын,
Өзімізді түзей алар ма екенбіз?!

Көп адамдар иман дейді, дін дейді.
Және соған басқаларды үндейді.
Бірақ, әттең, өз аузымен айтылған
Түзу жолмен бәрі бірдей жүрмейді.

Уағыз айтса, алдына жан салмайды.
Бірақ, солар кімді, неге алдайды?
Көп алдында періште боп көрініп,
Ал, мешітке жылына бір бармайды.

Сөйте тұра, басқалардан мін көрер.
Ондай кезде шабыты оның гүлденер.
Шын мәнінде, біреу емес, өзіңнің
ақауыңды көре білу – бұл да өнер.

Иә, біздер айтамыз-ау ақыл көп.
Сөз берілсе, бізден асқан ақын жоқ.
Ал, сол нәрсе өз бойыңда бар ма еді?
Жоқ болса егер, айтуға оны қақың жоқ.

Бұл заманның осы емес пе кеселі.
Он сөз айтсаң, өтірік қой бесеуі.
Сөзің менен ісің бірдей болмаса,
Сендейлерді екіжүзді деседі.

Әр сөзіңді ақиқатпен жалға тек.
Данышпансып дүйім елге салма әлек.
Басқалардан «неге жоқ» деп сұрарда,
Ойланайық, «өзімізде бар ма?» деп.

Есті болсаң, зейінің бар, санаң бар.
Тек өзіңнен басталады қадам бар.
Құлап жатып, жығылғанға күлмейік,
Өзгелерге ақыл айтқыш адамдар!

Ақиқатқа тура қарап қасқайып,
Кемшілікті мойындаудан қашпайық.
Өзгелерге үлгі болу үшін де, 
Өзгеруді өзімізден бастайық!

0 пікір