Әбу Юсуфтың тапқырлығы
Әбу Юсуфтың тапқырлығы

Қайран қылып жүрген мені ұдайы,

Өткен күннен шертейінші бір дерек.

...Даңқты патша Харун Рашид жұбайы

Зүбәйдамен қалды бір күн тілге кеп.

 

Ерік беріп ашу деген дүлейге,

Айтты сөзін, ескерместен шын мәнін:

«Бүгінгі түн мен басқарған бұл елде,

түнер болсаң, сені талақ қылғаным!».

 

Бірақ, бірақ...Айтып алып өкінді:

«Бұл амалым болмады ғой әсте құп.

Өз қолыммен өшірдім бе отымды?», –

деп қынжылды, жанарына жас келіп.

 

Іште ниет болмап еді шынайы.

Бірақ, әр сөз – атқан оқ қой əр кезде.

Енді ертеңгі күннен бастап жұбайы,

Айналмақшы Харун үшін жанға өзге.

 

Қалай ғана бір шаңырақ қирамақ?!

«Жазбады ма бірге ғұмыр сүруді?», –

деген патша ғалымдарды жинап ап,

Шариғаттың көмегіне жүгінді.

 

«Мен осылай жасап қойдым ағаттық, –

деді патша, – Бола көрсін Алла жар.

Уайым билеп, таппай тұрмын тағат түк,

Олқылықты түзейтін бір бар ма амал?».

 

Әрбір мезет жалғағандай мұңға-мұң,

Сарғайғандай көңілінің бақтары.

Бірақ, қанша ойланса да, бір ғалым,

Харунға айтар сүйеніш сөз таппады.

 

Сонда тұрып сөз сөйледі бір адам:

«Я, тақсырым, – деп Харунға қарады, –

Егер тапса бір жауапты мынаған,

Имам Əбу Юсуф қана табады».

 

Жүрегінде жағып үміт алауын.

Дереу сол сәт көп оздырмай уақытты,

Харун Рашид айтып осы хабарын,

Ұлы имамды құзырына шақыртты.

 

Имам Әбу Ханифадан хат танып,

Ілім алған, ой жіберіп алғыға,

Әбу Юсуф шақыртуын патшаның

қабыл алып, келіп кірді алдына.

 

Ғалым еді ол ілім қуған әрдайым,

Тақуа еді ұмытпаған шүкірін.

...Білгеннен соң оқиғаның мән-жайын,

Патшасына айтып берді үкімін:

 

«Шындығында, Жаратушы Құранда:

«Мешіттер тек Аллаға тән»[1], – деп еді.

Ой жіберші, бой алдырмай күмәнға,

Ол – Алланың үйі емес пе себебі?!

 

Қасиеттің төрі болған бұл үйге,

Еш патшаның жүрмек емес әмірі.

Сондықтан да, берілмеңіз үрейге,

Мұсылманның болу керек сабыры.

 

Сәттіліктің лебі сізге есіп тұр.

Ақиқатты қалай ішке бүгесің?!

Тек Алланың үйі болған мешіт бұл,

Жұбайыңыз бүгін сонда түнесін!..».

 

Патша лезде мәз-мейрам боп күлімдеп,

Имам айтқан сөзге қайран қалды шын.

Әбу Юсуф бойындағы білімге,

Тәнті болып, білдіріпті алғысын.

 

Санаңменен ұғар болсаң бар мәнін,

Исламменен өмір құнды, сәндірек.

Бұл жалғанда үйі болған Алланың –

мешіттерге байлансыншы әр жүрек...

 

Ескендір Тасболат



[1] «Жын» сүресі, 18-аят

3 комментария