“Қазақтың сенімі – тәңіршілдік” дейтіндерге екі жауап
“Қазақтың сенімі – тәңіршілдік” дейтіндерге екі жауап

Жуырда еліміздегі телеарналардың бірінен тәңіршілдік тақырыбына қатысты болып жатқан бір бағдарламаны көзім шалып қалды. Тәңіршілдікті қазақтың байырғы, ұлттық, ақиқат діні деп жүрген бір топ белгілі кісілер жиналып алып, халқымыздың салт-дәстүрінен, ырым-жоралғыларынан тәңіршілдіктің белгілерін тапқан болып, тақырыпты қызу талқыласып жатыр. Қарап отырсаң, келтіретін дәлелдері – аңыз-әпсана деңгейінен жоғары көтерілмейді. Бастауын Исламнан, шариғаттан алған кейбір салт-жораларымыздың өзін қисынсыз дәлелсымақтарымен «тәңіршілдіктің белгісі» ретінде алға тартып жатты.
Бүгінде осындай мүйізі қарағайдай ағаларымыздың: «Ислам – арабтың ұлттық діні. Ал түркі халықтарының бұрыннан келе жатқан сенімі – тәңіршілдік» деген сөздерінен кейін екі ұдай күйге түсіп, алданып қалып жатқандар арамызда бар екеніне көзіміз куә. Айта кету керек, қазіргі күні осы «тәңіршілдердің» «Қазақтар Исламды толық қабылдамаған, таза мұсылман болмаған» деген сөздерін сәләфи-уаһһаби бауырларымыз іліп алып кетіп, халқымызды Исламның таза «суатына» тартуға талпынып жатқаны аян.
Бүгінде Ислам діні қарыштап дамып, мешіт-медреселеріміз көптеп бой көтеріп, халықтың, әсіресе жастар жағының Алла үйіне қарай мойын бұрып жатқанына, Елбасымыздың өзі асыл дініміздің ел өміріндегі рөлін атап өтіп, қолдау көрсетіп жүргеніне қарамастан, кейбіреулердің әлі күнге «тәңіршілдіктен» қол үзбей келе жатқаны таңғалдырады. Ақиқатты мойындайтын кез келген жоқ па?!
Осыған орай, мен бұл мақаламда екі мысалды назарларыңызға ұсына отырып, «тәңіршілдердің» аталған пікірлерін жоққа шығаруды көздедім. Исламға қатысты екіұдай ойлы болып жүргендер де ойлансын. Бұл айтпағым – ата-бабамыздың ешқандай тәңіршіл де, шаман да болмағанын, түп-тұқиянымен мұсылман болғанын дәлелдеуге қатысты.
Бірінші айтарым – қазақ халқындағы кісі есімдері. Егер ХХ ғасырдағы төңкеріске дейінгі қазақтың белгілі тұлғаларының аттарына қарап отырсақ, барлығының дерлік мұсылманша есімді иеленгенін көреміз. Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) Уәлиханов, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Әбубәкір Кердері, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, Әбілмансұр, Әбілхайыр хандар, т.б. осылай жалғай беруге болады. Ал, одан әрідегі әл-Фараби, Ибн Сина, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауилерді айтпай-ақ та қояйық.
Кеңес үкіметі кезінде Қанат, Қайрат, Жеңіс, Айнагүл, Мақпал деген секілді таза қазақша есімдер пайда болғанымен, ол уақытта да қазақтардың аттары негізінен мұсылманша болды.
Ал, қазір ше? Өз басым қазіргі күні Қазақстанда ең көп таралған фамилия - "Ахметов" екендігін білгенде, қатты таңырқағаным бар. Ахмет – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір есімі екені белгілі. Ал екінші кең таралған фамилия – "Оспанов" көрінеді. Бұл пайғамбардың жақын сахабаларының бірі, кейін мұсылмандардың үшінші халифасы болған адам. Еліміздегі үшінші кең таралған фамилия – Омаров екен. Бұл да пайғамбарымыздың жақын сахабаларының бірі, Оспаннан бұрын Ислам мемлекетінің басшысы болған тұлға.
Сол «тәңіршілдікті» насихаттап жүргендердің көпшілігі де өз есімдерінің мұсылманша екенін байқамайтын секілді. Ол адамдарға мен мынаны айтар едім: сіздер орыстарға немесе Сібірдегі шаманизм, жергілікті наным-сенімдерді ұстанатын халықтарға барып, балаларына «Мұхаммед», «Әбубәкір», «Айша», «Ибраһим» деген есімдерді қоюды ұсыныңыздаршы, олар келісер ме екен?! Жоқ, бұл есімдерді олар ешқашан балаларына қоймайды. Себебі, олар мұсылман емес. Неге? Өйткені, олар үшін бұл есімдер жат.
Ал, ендеше, қазақтар тәңіршілдік «дінін» ұстанып, сол сенімде болғаны рас болса, ғасырлар бойы тек арабша-мұсылманша аттарды перзенттеріне қалайша қойды екен? Сіздер осыны ойланып көрдіңіздер ме?..
Екінші айтарым мынадай. Бұған дейін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти болған Әбсаттар Дербісәлінің өз аузынан мына бір оқиғаны естіп едім. Ол кісі қайбір жылы Сауд Арабиясына іссапармен бардым дейді. Сонда сол елдің не мүфтиі, не басқа бір дін саласында істейтін үлкен шенеунігі оған сын көзімен қарап, былай деп сұрақ қойыпты: «Әлем тарихында адамзаттың дамуына зор үлес қосқан түрлі өркениеттер (цивилизация) болғаны белгілі. Рим өркениеті, Парсы өркениеті, Қытай өркениеті, Ислам өркениеті, Византия өркениеті, т.б. Ал, неге тарихта түркі өркениеті деген болған жоқ?», – дейді.
Сонда Ә. Дербісәлі оған былай деп жауап беріпті:
– Түркі өркениеті деген тарихта болды, бірақ ол Ислам өркениетінің құрамында болып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Түркі халықтарынан қаншама дарынды тұлғалар шығып, Исламның дамуына атсалысқанын білеміз. Мәселен, Исламда Құраннан кейінгі кітап ретінде имам Бұхаридың сахих хадистер жинағы саналады. Ұлы хадисші, тәпсірші Бұхари – Орта Азиядан шыққан біздің бабамыз.
Қазіргі уақытта әлем мұсылмандарының барлығы дерлік ақидада Имам Матуриди мен Имам Әшғари мәзһабтарын ұстанады. Осы сенім саласын бір жүйеге келтірген екі ұлы имамның бірі – Имам Матуриди де Орта Азиядан шыққан біздің бабамыз.
Ислам тарихынан бұлардан бөлек түркі текті талай ғұламалар мен көрнекті тұлғаларды атап өтуге болады. Сондықтан, Ислам өркениетінде түркілердің алар орны орасан зор, – дегенде араб шенеунігі өзінің негізсіз сұрақ қойғанына ұялыңқырап қалыпты.
Расында да, қазақтың тарихына қарап отырсақ, ұлы ғұламаларымыздың барлығы да алғашқы сауатын молдадан, медреседен ашыпты. Ислам әлемінің көрнекті оқу орындарында білім алыпты. Ақын-жыраулар өз жыр-дастандарында Алланың, Пайғамбардың есімдерін ауызға алып, шариғатсыз сөз сөйлемепті.
Ал, егер, «тәңіршілдер» айтқандай, ата-бабамыз Исламнан жырақта, «тәңіршілдік» дінін ұстанған болса, олардың Ислам өркениетінің дамуына үлес қосуына не жорық? Сіздер Сібірдегі Исламды ұстанбайтын кейбір түркі халықтарынан шығып, Ислам өркениетіне осылай үлес қосқан бір ғалымды тауып бере аласыздар ма? Әлбетте, жоқ: Бұхари, Матуриди, әл-Фарабидей Алла жолында жұмыс жасаған ғалымдар олардан шықпады. Өйткені, олар, жоғарыда айтқандай, мұсылман емес.
Менің ойымша, осы екі жағдайдың өзі бұрынғы қазақтың қандай дінді ұстанғанына, кім болғанына нақты дәлел бола алады. Бұл жоққа шығаруға болмайтын дәлелдер. Егер кімде-кім мұның өзін көрмесе, ол рухани көрсоқыр демеске лаж жоқ.
Ал түсінгендер, қазақ халқының нағыз мұсылман болғандығын мойындайтыны шындық.

Ескендір Тасболат

Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)Ескендір Зұлқарнай (Тасболат)
9 лет назад 13344
4 комментария
  • Машалла! Жақсы жауап. Бұдан артық оларға қандай дәлел керек?! Жүре берсең көре бересің. Тәңіршілдік дегенді қайдан шығарып жүр екен.
    9 лет назад
    • Рахмет. 2006 жылы Францияның Қазақстандағы елшілігі "Қазақстан мен Алтайдағы тәңіршілдіктің дамуы" атты конференция ұйымдастырғанын естігенде таңғалып едім. Оларға тәңіршілдік неге керек болып қалды деп... Бұны маған Сайлау Батыршаұлы айтып берген. Соған қарағанда, тәңіршілдік те сырттан келген тапсырыс сияқты ғой...
      9 лет назад
  • Иә, сол тәңіршілдікті насихаттап жүрген зиялысымақтар ақша үшін солай етіп жүр. Бірақ олар бұрыннан мұсылман қазақ халқын басқа дінмен алдай алмайды. Мас адамның өзі "Сен не деп тұрсың. Мен мұсылманмын" дейді. Дұрыс айтасыз сырттан келген тапсырыс деуге болады. Ақша беріп, беделді адамдар арқылы өз діндерін насихаттайды. Тағы айтам. Өйтіп қазақты адастыра алмайды. Әуре болмасын.
    9 лет назад
  • Дінін ақшаға сатқан адамды зиялы деп айтуға ауыз бармайды. Соларды ойласам біртүрлі болып кетем. Алла хидаят берсін оларға.
    9 лет назад