Рамазан – рақымы бұл бір Алланың
Рамазан – рақымы бұл бір Алланың

Рамазан – рақымы бұл бір Алланың.
Айтады бұл жөнінде Құран Кәрім.
Отыз күн оразасын ұстағанға
Жаратқан мол мейірім қылар мәлім.

Ағайын, бұл да сенің сынақ шағың.
Жақшы бір жүрегіңнің шырақ-шамын.
Жәннатта ғұмыр кешер, Жаратқанның
Жарлығын орындауды ұнатса кім.

Маңызы Рамазанның халал дейді.
Әр пенде өзі ойланып қарар мейлі.
Сынағын оразаның өткерген жан,
Жұмағын бір Алланың табар дейді.

Ауызды бекіткен соң таң азаннан,
Аттамай мұсылмандық дара заңнан,
Нәр татпай күн батқанша жүрер болсаң,
Көрерсің үлкен сауап оразаңнан.

Заманнан қандай, сірә, сыр ұғасың?
Көрдің бе бақытыңның шұғыласын?
Осынау тоқшылықтың шын қадірін
Ораза ұстағанда ұғынасың.

Алланың өсиетін еске ал ізгі,
Орындап Исламдағы бес парызды.
Хақ жолдан жаңылысқан жандар үшін
Пәниде кешкен ғұмыр еш тәрізді.

Намазбен, дұғаменен, тілегіңмен,
Жақсы ғой жарқын ғұмыр сүре білген.
Алланың ақ жолынан жырақ кетпей,
Адал боп өтсек екен бұл өмірден.

Ескендір ТАСБОЛАТ

6 комментариев