Сауаттылық – сақтықтың алғышарты
Сауаттылық – сақтықтың алғышарты

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басым бағыттардың бірі ретінде атап, қазіргі күні әлемді алаңдатып отырған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесін тағы да көтерді. Біз Жолдауда берілген тапсырмалар аясында ішкі істер органдары саласында нақты қандай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті Жедел іздестіру қызметін ұйымдастыру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дархан РАЗУЕВКЕ бірнеше сауал қойған едік.

– Дархан Әбенұлы, ең алдымен өзіңіз қызмет етіп жатқан Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті туралы айта кетсеңіз? Қашан құрылды? Негізгі қызмет бағыттарыңыз қандай?
– 2016 жылы Ақтөбе және Алматы қалаларында болған террористік актілерден кейін Президент жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасымыз экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында ішкі істер органдарының әлеуетін күшейту туралы тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмаларды жүзеге асыру барысында министрдің бұйрығымен өткен жылдың қыркүйек айында ІІМ құрылымында Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Бұрын ол Криминалдық полиция департаментінің құрамында болатын. Бұл шара ішкі істер органдарының аумақтық экстремизмге қарсы күрес бөліністерінің жедел-қызметтік жұмысын сапалы ұйымдастыруға, басқаруға және тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Департамент – құқық қорғау, жедел іздестіру органы болғандықтан, негізгі міндетіміз – экстремистік және террористік қылмыстарды, оларды жасайтын адамдарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, оларға қатысты тиісті шараларды қабылдау.
Екінші міндетіміз – экстремистік және террористік көріністердің таралуына жол бермеу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, халық арасында профилактикалық, түсіндіру-насихаттау іс-шараларын жүргізу.
Үшінші бағытымыз – террористік тұрғыдан осал нысандардың қорғалуын қамтамасыз ету, осы бағыттағы тиісті ұйымдастырушылық және профилактикалық шараларды жүзеге асыру. Осал нысандар дегеніміз – адамдар көп жиналатын орындар, мемлекеттік мекемелердің ғимараттары, сауда-ойын-сауық орталықтары, ірі өндіріс және стратегиялық маңызды нысандар болып табылады.
– Елбасымыздың Жолдау аясында жүктеген тапсырмаларына тоқтала кетсеңіз? Қандай шаралар қолға алынуда?
– Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында терроризм, экстремизм, ел қауіпсіздігіне қатысты проблемаларға үнемі орын беріп келеді. Биылғы 31 қаңтардағы Жолдауда айтылған экстремизм мен терроризмнің алдын алуға қатысты түйткілді мәселелерді, жоғарыда айтып өткен 2016 жылғы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың қорытындысы деп бағалауға болады. Ол тапсырмалар біртіндеп іске асырылып, соның нәтижесінде өткен жылдың аяғында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл заң бойынша терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және осы салада мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі мен үйлесімділігін арттыру көзделіп отыр. Елбасымыз берген тапсырмалардың бәрі сол заңның ішіне кірген. Биылғы Жолдауда айтылған міндеттер заң күшіне енген кезден-ақ іске асырылып жатыр.
– Мысалы, сол жұмыстарға нақты тоқтала кетсеңіз? Нәтиже бар ма?
– Біріншіден, аталған тапсырмалар негізінде осы департаменттің құрылғанын жоғарыда айтып өттім. Екіншіден, Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, ішкі істер органдарына төрт террористік қылмыс бойынша Ұлттық қауіпсіздік органдарымен альтернативтік түрде тергеу жүргізу құқығы берілді. Олар – терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттау (256-бап), террористік ұйымдарға азғырып көндіру (259-бап) және терроризмді қаржыландыру (258-бап) қылмыстары. Бұрын бұл тергеулерді тек ҰҚК жүргізетін. Алайда, өткен жылғы терактілерде қылмыскерлердің басты шабуыл нысанасы ретінде полиция қызметкерлері оққа ұшып, қаза тапқандықтан, мұндай қылмыстардың алдын алу және ішкі істер саласы қызметкерлерінің өмірін қорғау үшін бізге осындай құқық беріліп отыр.
Содан бері нәтиже де жоқ емес. Жыл басынан бері терроризмді насихаттау белгілері бойынша ҚК 256-бабына сәйкес 2 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларын орындау үшін заңға азаматтық қару айналымына, көші-қон саласында бақылауды күшейту бойынша нормалар енгізілген. Азаматтық қару сату дүкендеріне талаптар күшейтілді. Қоғамда көп пікірталас тудырған уақытша тіркеу қолға алынды. Орайы келгенде айта кетейін, уақытша тіркеу мәселесі – қарапайым халыққа қарсы істеліп отырған шара емес, оның басты мақсаты – радикалды ағымдардың жақтастары мен ұстанушыларының ел аумағында жүріп-тұруын бақылау, қылмыс жасауының алдын алу болып табылады. Бұл жаңашылдықтың көздейтін нысанасы сол. Ал заңды аттамайтын ел азаматтарына мұның ешқандай зияны тимейді, бұл бәріміздің қауіпсіздігіміз үшін керек нәрсе.
Нақты нәтижелер деп сұрап жатсыз, өткен жылы ішкі істер органдарының экстремизмге қарсы іс-қимыл бөліністері 285 экстремистік құқық бұзушылық белгісі бар фактіні анықтап, нәтижесінде 114 адам әкімшілік жауапкершілікке (16 млн теңге айыппұл салынды), 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 4 мыңнан астам баспа өнімі, 500-ге жуық диск, 25 компьютерлік техника, сондай-ақ, 100-ден аса өзге ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.
– Ішкі істер органдарына төрт қылмыс бойынша тергеу жүргізу құқығы берілді, соның бірі – терроризмді насихаттау қылмысы деп жатсыз. Қазіргі күні терроризм идеялары негізінен интернет арқылы насихатталады. Оның жолын кесудің мүмкіндіктері бар ма?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі уақытта экстремизм мен терроризм идеологиясын таратуда интернет желісі бірінші орында тұр. Бұрын радикалды ағымның уағызшылары, эмиссарлары халық арасында жүріп уағыз тарататын болса, қазір олардың жұмыстары әлдеқайда «жеңілдеп» қалғандай. Өйткені, бүгінде олар табаннан тесіліп ел аралап әуре болмайды, компьютер алдында отырып-ақ, әсіресе Фейсбук, ВКонтакте, Инстаграм секілді танымал әлеуметтік желілерде миллиондаған адамға өздерінің деструктивті идеологиясын таратумен айналысатын болды. Соның ішінде аталған әлеуметтік желілер аудиториясының басым бөлігін жас азаматтардың құрайтыны алаңдатып отырған жайы бар. Себебі, теріс ағымдар да өз қатарларына негізінен жастардың қосылғанын қалайтыны белгілі.
2016 жылы Бас прокуратурамен бірге кең көлемді талдау жасап, жоғарыда аталған танымал әлеуметтік желілерде 25 мыңнан астам радикалды діни ағымдардың идеологиясын насихаттайтын парақшалар мен қауымдастықтар бар екенін анықтадық. Сол парақшаларға 3 миллиондай адам жазылғаны белгілі болды.
– Бұл 25 мың парақша – әлем бойынша ма?
– Жоқ, бұл орыстілді интернет кеңістігіндегі парақшалар. Яғни, негізінен посткеңестік аумақтағы аудиторияға бағытталған насихат көздері болып табылады. Олардың ішінде қазақ тіліндегі парақшалар да бар. Бұл парақшаларға тіркелген 3 миллиондай адамның шамамен 100 мыңы – қазақстандық интернет пайдаланушылар.
Әрине, мемлекет бұл үдерістерді өз бетімен жіберіп отырған жоқ. Қазақстан заңнамасында осындай қауіпті интернет ресурстардың таралуына жол бермеу тетігі көзделген. Яғни, біз өз тарапымыздан Қазақстанда тіркелген сайттар мен парақшаларды жауып, ал шетелде тіркелген ресурстарды бұғаттай аламыз.
Енді соңғы заңнама күшіне енгеннен кейін бізге тағы бір жақсы тетік беріліп отыр. Құқық қорғау органдары деструктивті белгілері бар күдікті ресурсты байқағаннан кейін соттың нақты шешімі шыққанша оны уақытша тоқтатуға құқық алды.
Ал, шетелдерде орналасқан сайттарды жаптыру, әрине, қиындау шаруа. Бұл үшін біз сол елдердің құқық қорғау органдарына сұрау салып, кейін олар өз тарапынан шаралар қабылдайтын болады.
Әлбетте, ең басты проблема – деструктивті бағыттағы интернет-ресурстардың өте көптігі. Біреуін жапсаң, екіншісі пайда болып жатады. Сондықтан, біздің пікірімізше, бұларды жабумен жұмыс бітпейді, мемлекет тарапынан олардың идеологиясына қарсы табанды да тегеурінді насихат жүргізілуі керек. Барлық әлеуметтік желілерде, сайттарда радикалды ағымдардың іс-әрекетін әшкерелейтін танымдық насихаттар жасалып, халықтың діни сауаттанып, имани «иммунитеті» артуы үшін жұмыстар күшеюі қажет. Өйткені, сауаттылық – қашан да сақтықтың алғышарты.
– Діни сауаттылық керек деп жатсыз. Бұл тек халыққа емес, осы жұмыстармен айналысатын құқық қорғау қызметкерлері, яғни сіздерге де қатысты екені даусыз…
– Иә, бұл бағытта біз еліміздегі дәстүрлі діни бірлестіктермен, соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, оның филиалдары, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен, сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен бірге әрекет етеміз. Қауіпті болуы мүмкін деген сайттарды байқап, рейдтер кезінде заңсыз сатылып жатқан діни әдебиеттер, т.б. тәркілесек, біз оларды Дін істері министрлігіне сараптамаға жолдаймыз. Олар бізге қорытындысын береді, соған орай тиісті іс жүргізу шешімін қабылдаймыз.
Екіншіден, өзіңіз айтқандай, біз экстремизмнің алдын алуда тек халықпен ғана жұмыс істемей, өз қызметкерлеріміз арасында да діни сауаттандыру сабақтарын ұйымдастырып келеміз. Бұл дәрістерде білімді теологтар мен психологтардың көмегімен радикалды ағымдарды қалай танып-білу керек, сектаға кіріп кеткен адамдарды қалай анықтаймыз, оларды дәстүрлі жолға тарту үшін не істеу керек деген мәселелер оқытылады. Мұндай жұмыстар орталық аппаратта да, аумақтарда да жүргізіліп келеді.
Сол сияқты, еліміздің әр өңіріндегі Дін мәселелерін зерттеу және деструктивті ағымдардан зардап шеккендерге көмек беретін оңалту орталықтарымен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Көбіне ел тұрғындары сол орталықтарға барып: «Менің туысым осындай ағымға кіріп кетті», – деп шағымданып жатады. Орталық мамандары олармен жұмыс істеу барысында құқық бұзушылық фактілерін анықтаса, бізге хабар беріп, сол арқылы өз тарапымыздан тексеру, тергеу амалдарын жасаймыз.
– Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұрын тек теледидардан көретін терактілер біздің қалаларымызда да орын алып жатыр. Жалпы, бұл терактілердің шетелдердегі лаңкестік әрекеттерден айырмашылығы бар ма? Олардың көздегені не?
– Біздегі және шетелдегі террористер мен экстремистердің көздеген мақсаттарында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Себебі, барлығының да басты көздейтіндері – зайырлы мемлекеттің конституциялық құрылымын бұзу, оның орнына өздері ойлап шығарған қандай да бір діни мемлекет құру. «Ислам мемлекетін құрғысы келеді» деп айтуға болмайды, өйткені, Ислам мен терроризм – бір-біріне мүлдем кереғар ұғымдар. Олардың жасап жатқан әрекеттері Құранға да, хадиске де сәйкес келмейді. Сондықтан, Ислам мемлекетін құрамыз дегені – өздерінің қылмыстық мақсаттарын бүркемелеу ғана. Халық арасында үрей туғызу, дүрбелең салуды көздейтін кез келген террористік ұйымның ішкі мақсаты – билікке қол жетізу, байлыққа кенелу, пайдакүнемдік екені белгілі.
– Ал, олардың артында кім тұруы мүмкін?
– 2016 жылғы Ақтөбедегі террористік актіні жасаушылар шетелдегі өздері пір тұтатын діни уағызшылардың, идеологтарының дәрістерін тыңдап, солардың ықпалымен, саналарына «құйып» берген идеясын іске асырамыз деп қарулы қақтығысқа барғаны белгілі болды. Ол идеологтар – уаххабизм, тәкфиризм ағымының көсемдері. Олар, әрине, «Ақтөбеде осындай теракт жасаңдар» деп тікелей нұсқау бермесе де, «мұсылмандарды қорғау», «жиһад жасау», «кәпір мемлекет мұсылмандарды қудаланып жатыр» деген сияқты уағыз-насихаттарын жиі таратып, жастарды радикалдандырып, олардың мемлекетке, соның ішінде билік өкілдері болып табылатын полиция қызметкерлеріне өшігуіне итермелеген.
Естіген шығарсыздар, жуырда Ауғанстанда біздің Д.Зналиев деген азаматымыз ұсталды. Ол көптен іздеуде жүрген қылмыскер, террористердің мықты идеологы болған. Кезінде Ауғанстан аумағына шығып кетіп, сол жақтан интернет арқылы өзінің уағыздарын жолдап, террористік идеяларды таратып, нұсқау беріп отырған. 2011 жылы Атырауда болған террористік актінің артында сол тұрғаны анықталған.
Осы секілді, біздегі террористік актілерді жасап жатқан қылмыскерлердің демеушілері, қолдаушылары – шетелдердегі уағызшылар деп айтуымызға болады.
– Ішкі істер органдарына терроризмді қаржыландыру қылмысын тергеу тетігі берілгенін айттыңыз. Еліміздегі деструктивті ағым өкілдерін шетелдік «жанашырлары» уағыз-насихатпен «семіртіп» қана қоймай, қаржылай да қолдап-қолпаштап отырады деген қауесет бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
– ҰҚК мен ішкі істер органдары экстремизмге қатысты істерді тергеп, талдау барысында еліміздегі терактілер шетелден қаржыландырылған деген деректі анықтаған жоқ. Біздің білетініміз, еліміздегі осы соңғы жылдары теракт жасаған қылмыскерлер басқа да қылмыстар жасау арқылы өздеріне нәпақа тауып отырған. Олар өздерін «таза мұсылмандармыз» дегенімен, шын мәнінде көбі заңды аяққа таптаған бұзақылар. Олар тонау, ұрлық, өзгенің мүлкін жымқыру секілді құқық бұзушылықтарды жасап, одан түскен қаражатты өздерінің пасық ойларын іске асыруға, соның ішінде теракт жасауға да пайдаланып отырған.
– Дін мамандарының айтуынша, сол терактілерді жасаушылар мен қазір елімізде көбейіп кеткен уаххабизмді ұстанушылардың уағызшылары, яғни пір тұтатын «шейхтары» – бір адамдар. Енді бұдан кейін уаххабизмге тыйым салына ма?
– Уаххабизм немесе сәлафизмге тыйым салу туралы мәселе Ақтөбе терактісінен кейін жиі көтерілген. Бірақ, уаххабизм – ол бір ұйым немесе топ емес, ол – идеология, адамның сана-сезімінде болатын ой-пікірлер, сондықтан, оған тыйым сала алмайсың. «Сен бұлай ойлама, басқаша ойла», – деп айту мүмкін емес. Егер ол бір террористік ұйым болғанда, оның қызметіне заңмен тыйым салып тастауға болатын еді.
Сондықтан, уаххабизмге тыйым салғаннан гөрі, оған қарсы профилактикалық жұмыстарды жүргізген жөн. ІІМ, ҰҚК, Дін істері министрлігі, Прокуратура – бәрі уаххабизмге қарсы күресте осындай қадамның дұрыс екендігі туралы ортақ пікірге келіп отыр.
– Елбасымыз Жолдауда бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды сауаттандыру мәселесін де көтерді. Осы бағытта қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелеріндегі терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытындағы шаралар бостандықтағы іс-шаралардан бөлектеу екені рас. ҚАЖ комитеті бұрыннан дін саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен, діни бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста. Сондықтан, олардың бұл салада тәжірибесі мол.
2014 жылдан бері елімізде «Ақниет» оңалту орталығы жұмыс істейді. Орталық мамандары абақтылардағы теракт жасап, бас бостандығынан айырылған сотталғандардың әрбірімен жеке-жеке сөйлесіп, брошюралар, кітаптар тарату секілді тиімді жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар, жалпы сотталғандардың діни сауатын арттыру үшін дәстүрлі діни бірлестіктердің, яғни мешіттердің имамдары да түзеу мекемелеріне жиі келіп, кездесулер, сабақтар өткізіп тұрады. Соның арқасында соңғы кездері түзеу мекемелеріндегі 400-ден астам сотталған өздерінің бұрынғы радикалды ұстанымдарынан қайтып, дәстүрлі жолға оралды.
– Түзеу мекемелеріндегі террористік актілерді жасаған қылмыскерлер басқа сотталғандардан бөлек ұстала ма?
– Бұрын террористерді, экстремистерді бөлек мекемеде ұстау бастамалары болған. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, оларды бөлек жерде бірге ұстаудың тиімсіз, тіпті зиянды екені анықталды. Себебі, ондай адамдар бір жерде болып, бірге өмір сүрсе, өзара араласып, бір-бірін қолдап, теріс идеологияларын одан әрі дамыта түсіп, күшейіп кететіні, тәрбиелік, психологиялық жұмыстар оларға ешқандай ықпалын тигізбейтіні белгілі болды.
Сондықтан, әрине, бастапқыда олар оқшауланған учаскелерде ұсталады. Ол жерде психологиялық тұрғыдан жұмыстар жүргізіледі. Соның нәтижесіне қараймыз. Егер сотталушы өзінің көзқарасын ауыстырам, түзу жолға қайтам деген сыңай білдірсе, оны жалпы мекемелерге ауыстыруға болады. Ал радикалды бағытынан қайтпаса, ол бөлек камералық түрде ұсталады.
– Сөз соңында маман ретінде экстремистік топтардың шырмауына түсіп қалмас үшін халыққа қандай кеңестер айтар едіңіз?
– Қазір әсіресе жастардың дінге ықыласы ерекше. Бірақ, сол ықыластарын өз мақсаттарына пайдаланып кететін қара ниеттілерден сақтанбаса болмайды. Сондықтан, діни уағыздарды тек ресми мешіттерден және солардың интернет сайттарынан ғана тыңдаңыздар. Дінді де сол бағытта ұстану керек. Ал көшедегі көк аттылардың, интернеттегі бағыты белгісіз сайттар мен әлеуметтік парақшалардың уағыз-насихаттарын тыңдауға болмайды. Қазір діни әдебиеттер кез келген жерде сатылмайды, заңда белгіленген орындар бар, сол сауда нүктелеріндегі және Дін істері министрлігінің оң қорытындысы берілген әдебиеттерді ғана оқу керек.
Жоғарыда айтып өткен дін мәселелерін зерттеу және деструктивті ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталықтарында «114-қауырт желі» сенім телефоны бар. Кез келген заңсыз діни ағымға қатысты ақпаратты осы телефонға хабарлап, әрі мамандардан көмек алуға мүмкіндік бар.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

0 пікір