Түрмедегі теологиялық сауаттандыру: тәжірибе мен нәтиже
Түрмедегі теологиялық сауаттандыру: тәжірибе мен нәтиже

«Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс... Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет».

(Н. Назарбаев, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан)

 

Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан табылып жатсаң, ол сенің жетістігің. Ал дін деп ойлап теріс ағымның ықпалына берілер болсаң, оның соңы өкінішті жағдайларға алып барарын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Діннің шыңына шығамын деп, шыңырауына құлап жататындарға қарап, біз бұл мәселенің қоғамда әрдайым өзекті болатынын аңғарамыз.

Бүгінде дін ұстану үрдісі қоғамның әрбір саласына дендеп енді. Мектеп, жоғарғы оқу орындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік мекемелер – қай-қай саланы алсақ та, бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап, имандылық жолынан табылған отандастарымызды көптеп кездестіреміз. Дәстүрлі дін ұстанымы мұсылманды адамгершілікке, ізгі мінез-құлыққа баулып, жемқорлық, алаяқтық, ұрлық-қарлық, өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыс түрлерінің алдын алуға ықпал етерін ескерсек, бұны қоғамдағы жақсы үрдістің нышаны деуге толық негіз бар.

Жалпы қоғамдық санаға, халықтың рухани таным-түйсігіне тегеурінді ықпал етіп жатқан бұл үрдістен соңғы жылдары түрмелер де шеткері қалып жатқан жоқ. Бір қарағанда, қылмыскерлік пен имандылық ұғымдары бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай көрінгенімен, бас бостандығынан айыру орындарында да бүгінде намазға жығылып, оразасын ұстап, Құдай жолына бас ұрғандар қатары артуда. «Бұл сотталғандардың өз қателіктерін түсініп, тәубе қылып, түзу жолға қайтуларына ықпал ететін жақсы белгі», – дейді түрме қызметкерлері.

Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында темір тордың арғы жағындағы жазасын өтеушілерді теологиялық тұрғыдан сауаттандыру мәселесін қадап айтты. Расымен де, абақтыға теріс ағымның ықпалында болған қауіпті секталардың өкілдері де тоғытылуы мүмкін. Өзін «бірден-бір түзу жолда» санайтын ондайлар тікенек сыммен қоршалған кішкене әлемнің ішіндегі тағдырластарына өзінің бұзық сенімін насихаттап, басқаларды да адастыруы кәдік екенін естен шығаруға болмайды. Осындай қауіпті құбылыстардың алдын алып әрі имандылық жолындағы сотталғандарға діннің негіздерін үйрету мақсатында Қылмыстық атқару жүйесі комитеті дәстүрлі діни бірлестіктермен өзара байланыс жасап, темір тордағы жазасын өтеушілерге діни дәрістер беру, уағыз айту секілді игі жұмыстарды ұйымдастырып келеді.

ҚАЖ мекемелеріндегі діни шараларды орындау мәселелері Ішкі істер министрінің 08.08.2014 жылғы № 503 бұйрығымен бекітілген «Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес жүзеге асырылады. Сотталғандар дiни құлшылықтарын орындау барысында 2011 жылы қабылданған «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары мен мекеменің ішкі тәртіп ережелерінің бұзылмауы қатаң қадағаланады. Яғни, сотталған діни жораларды орындау үшін тек қана өзінің жеке уақытын пайдаланады әрі күн тәртібіне сай жеке бос уақытында өзі жататын төсек орнының жанында құлшылық жасайды.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен берілген мәліметке қарағанда, қазіргі таңда аталған ведомство мешіттер және шіркеулермен арада тығыз қарым-қатынас орнатқан. Әр жыл басталғанда ҚАЖ департаменттері және Дін істері басқармалары арасында арнайы жоспар құрылып, түзеу мекемелеріне теолог мамандарды шақырту кестелері жасалады екен. Осы кестеге орай, мешіт имамдары мен шіркеу священниктері түрмелерге барып, сотталғандарға уағыз айтып, дін ұстанудағы дұрыс пен бұрыстың ара-жігін айқындап беріп отырады. «Дін және дін насихаты жазасын өтеушілердің түзелуіне ықпалын тигізеді, сотталғандарды рухани тәрбиелейді және сабасына түсіреді. Ата дәстүрімен сабақтастырылып жүргізілген уағыз-насихат сотталғандарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуге оң әсер етіп, кейбір жаза өтеушінің өмірлік көзқарастарын жағымды бағытқа өзгертуге септігін тигізеді. Ал, мекеме қызметкерлерінің жұмысына мұның ешқандай кері әсері жоқ», – дейді ведомство мамандары.

Бұдан бірнеше жыл бұрын көптеген түзеу мекелелерінде дін ұстанушы сотталғандардың құлшылықтарын өтеуі үшін мешіттер мен өзге де құлшылық орындары бой көтерген болатын. Дегенмен, 2011 жылы қабылданған дін туралы заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік мекемелер аумағында құлшылық орындарын салуға тыйым салынды. Ал, бәрімізге белгілі, ҚАЖ мекемелері мемлекеттік мекеме болып саналғандықтан, кейінгі жылдары түрмелердегі мешіттер мен шіркеулер сотталғандарға рухани азық беретін кітапхана секілді зайырлы көпшілік орындарына айналдырылған.

ҚАЖК мәліметіне назар аударсақ, 2015 жылы қолданысқа енгізілген Қылмыстық атқару кодексінің 13-бабы, 6-тармағына сәйкес, діни қызметшімен кездесуге ниет білдірген сотталған мекеме әкімшілігіне жазбаша өтінішпен жүгіне алады екен. Соған орай, мекеме әкiмшiлiгi алдағы күнтізбелік жылға әділет органдарында тіркелген дiни бiрлестiктер өкiлдерiнiң мекемелерге бару кестесiн бекітеді. Сотталғандардың діни қызметшілермен кездесуі үшін мекеме әкімшілігі үй-жай бөледі.

Елбасымыздың Жолдаудағы сотталғандарды діни сауаттандыруға қатысты талаптары Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада да қамтылғандығын айта кету керек. Осы бағдарлама шеңберінде Дін істері комитетімен, ресми дін өкілдерімен, сондай-ақ, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп бас бостандығынан айыру орындарында дәстүрлі діннің негіздері мен экстремизмге қарсы іс-қимылды түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналған.

Мәселен, тек өткен 2016 жылы ресми дін өкілдері ҚАЖ мекемелеріне 2000-нан астам рет келіп, экстремизмге және терроризмге қарсы тақырыптар бойынша 2100-ден астам дәріс өткізген.

Ал, Дін істері басқармаларының (теологтар, дінтанушылар), жергілікті атқару органдарының (ішкі саясат басқармалары) өкілдері ҚАЖ мекемелеріне 1400-ден астам рет келіп, 1100-дей сабақ өткізіпті.

Бұдан бөлек, елімізде радикалды діни топтар қатарында болып, теріс сенімі негізінде қылмыс жасап, сотталған азаматтармен «Ақниет» қоғамдық қорының теологтары жұмыс істейді. ҚАЖ комитеті мамандарының айтуынша, радикалды бағыттағы сотталғандарды түзу жолға тартуда аталмыш қоғамдық қор мамандары айтарлықтай үлес қосқан. Осы бағытта ҚАЖ мекемелерінде 70-тен аса профилактикалық дәрістің арқасында көптеген теріс ағым өкілі дәстүрлі дін жолына қайтқаны белгілі болып отыр.

Кез келген адамның дін негіздерін оқып-үйренуі үшін арнайы діни әдебиет қажет екені рас. Теологтардың уағыздарынан бөлек, сотталғандардың өз беттерімен де сауаттарын арттырып, танымдарын кеңейтулері үшін түзеу мекемелері діни әдебиеттермен қамтамасыз етіліп отырады. Діни мазмұндағы кез келген ақпараттық материал мен заттар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес, құзыретті органдарда діни сараптамадан өтіп, оң қорытындысын алғаннан кейін ғана мекеме аумағына кіргізіледі. Қажет кезде олар діни ғұрыптарды орындау немесе діни өкілдердің келуі кезінде қолданылады. Сотталғандар олармен кітапхананың оқу залында, күн тәртібінде белгіленген уақытта қолдана алатынын айта кету керек.

Астана қаласы бойынша ҚАЖД Сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы тобының инспекторы, әділет капитаны Нұрсұлтан Айтбековтың айтуынша, Елордамыздағы ЕЦ-166/10 түзеу мекемесі, ЕЦ-166/22 қоныс колониясы, тергеу изоляторы мен Аршалы кентіндегі ЕЦ-166/5 түзеу мекемесіне теолог мамандар мен мешіт имамдарының келіп, уағыз-насихат айтып, дәрістер өткізуі жоспарлы да дәстүрлі түрде жолға қойылған. Ауызекі тілде «Оныншы» аталып кеткен қатаң режимдегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Әнуар Өтешов және Қанағат Бердібай есімді имандылық жолындағы сотталған азаматтармен тілдескенімізде, олар мекемеде өздерінің діни білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын жасырмады. Асқар Мұқанов, Нұрбал Әбубәкіров есімді мешіт имамдарының әрбір сәрсенбінің сәтті күні мекемеге келіп, діни дәрістер оқып тұратынын, хадис, дін мен салт-дәстүрдің байланысы жайында жоспарлы сабақтар өтетінін айтты.

Мәселен, қаладағы «Әссалам» мешітінің бас имамы Нұрбол Әбубәкіровтың арабша әліпби үйрету, дін негіздері бойынша жүргізетін дәрістерінің өздеріне пайдасы зор екенін жеткізді. Сотталғандар, бұдан бөлек, дін ғылымының негізгі салалары – ақида және фиқһ тақырыптары бойынша сабақтар көбірек өтсе деген тілектерін де айтып қалды. Олар дін арқылы түзу жол табуға болатынын, шын тәубеге келіп, жақсы амал қылсаң, Алланың алдында кешірілмейтін күнә жоқ екенін және өздерінің де қателесіп, шалыс қадам жасап, темір торға қамалғанымен, ертең-ақ қоғамға, еліне пайдасы тиетін, өзгелерге үлгі болатын тұлғаға айналуларына мүмкіндіктері зор екенін ұғынады.

 

Маман пікірі

 

А. Шамишев, ІІМ ҚАЖК Жедел басқармасы бастығының орынбасары

 

Теологиялық оңалту қызметі құрылады

–                   «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда Елбасымыз діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесіне арнайы тоқталды. Соның ішінде бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру мәселесі бойынша ІІМ ҚАЖ комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық атқару жүйесінде теологиялық оңалту қызметін (бұдан әрі – Қызмет) құру мәселесін қарастыруда.           Қызметтің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз қалыптастыру, «Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының сотталған адамдармен теологиялық жұмыс жүргізу үшін ІІО құзыретін белгілеу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Дін істері комитетімен, ресми дін өкілдерімен, сондай-ақ, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп бас бостандығынан айыру орындарында дәстүрлі діннің негіздерін түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Тәжірибе көрсеткендей, теологтар және діндарлармен жеке сұхбат жүргізгеннен кейін дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын сотталғандар өзінің бұған дейінгі жүрген жолынан қайтып, дәстүрлі сипаттағы діни әдебиетке және жалпы дәстүрлі діни білімге қызығушылығы артады.

Жүргізіліп жатқан егжей-тегжейлі профилактикалық іс-шаралар мен тәрбие жұмысы бас бостандығынан айыру орындарында діни экстремизм және терроризм қауіп-қатерін төмендетеді. Түзеу мекемелердегі сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру ҚАЖ мекемелерінің тұрақты бақылауында.

                                                          

Әділхан Серікбай, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы:

 

Имам насихатының игілігі

–                   Астанадағы екі түзеу мекемесі мен уақытша ұстау изоляторына және Аршалыдағы түзеу мекемесіне Астана мешіттерінің имамдары кезекпен барып тұрамыз. Басында жалпы уағыз-насихат айтатын болсақ, кейінгі кезде дін негіздерін үйрететін дәрістер өткізе бастадық. Осы түзеу мекемелерінің әрқайсы бір-бірінен өзгешелеу режимдегі орындар болғандықтан, онда жазасын өтеп жатқан сотталғандар да әртүрлі болып келеді. Дегенмен, біз қай-қайсының да тілін тауып, дін насихатына ұйытып, сауаттарын ашу мақсатында жұмыс жүргізіп келеміз. Әрбір уағыз-насихатымызды оларға жұмсақ түрде айтып, жеткізуге тырысамыз. Өйткені, бұл азаматтар бас бостандықтарынан айырылып, рухани күйзелісте жүруі мүмкін. Бұл жерде бізге имамдықтан бөлек, психолог та болуға тура келеді.

Олардың араларында бұрын уаххабилік-сәләфилік сенімде болып, кейін біздің уағыздарымызды тыңдап, дәстүрлі діни жолымызға қайтқандар да бар. Сонымен қатар, сотталғандар арасында дін насихатын тыңдауға ықыласты азаматтар көп. Олар біздің әрбір кездесуімізден қалмай, қағаз-қаламын алып, айтқан сөздерімізді жазып алып отырады.

Осындай діни сауат ашуға бағытталған жұмыстары үшін мешіт имамдары түзеу мекемелері басшылығының тарапынан «Алғыс хаттар» алып жатыр. Мысалы, былтыр болған айрықша оқиғаны айта кету керек. Уақытша ұстау изоляторында қамаудағы бір адам қатты күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болады. Оны психологтар да, осы саладағы басқа мамандар да райынан қайтармақшы болғанымен, нәтиже шықпайды. Соңында Астанадағы С. Ғылмани атындағы қалалық мешіттің наиб имамы Мәмлүк Мұсаев сол азаматпен кездесіп, өз-өзін өлтірудің үлкен күнә екені және ол тығырықтан шығар жол еместігі жайлы насихатын айтып, сөйлескеннен кейін ол өз-өзіне қол жұмсау пиғылынан қайтты. Кейін өзінен райынан қайтуға не себеп болды деп сұрағанда да: «Маған имамның сөздері әсер етті», – деген болатын. Мәмлүк имам осы көмегі үшін мекеме басшылығы тарапынан марапатталды. Міне, бұл мешіттер мен түрмелер арасындағы қарым-қатынастың игі ықпалы деп айтуға толық негіз бар.   

Ескендір Тасболат

0 пікір