ЗЕКЕТ – ДҮНИЕ-МҮЛІКТІҢ БЕРЕКЕСІ, МҰҚТАЖДЫҢ МЕРЕКЕСІ
ЗЕКЕТ – ДҮНИЕ-МҮЛІКТІҢ БЕРЕКЕСІ, МҰҚТАЖДЫҢ МЕРЕКЕСІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қорының құрылғанына да бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Қазір әр аймақта өкілдіктері жұмыс жасап жатыр. Биыл бесінші жылға қадам басқан елордалық «Зекет» қорының жұмысы мен атқарылған шаруалары жайында қордың Астана қаласы бойынша өкілі, жеке кәсіпкер Әнуарбек Болатұлымен сұхбаттасқан едік.

 

– Әнуарбек Болатұлы, жалпы зекет беру құлшылығы турасында, аймақтық қор құрудың тиімділігі жайына тоқталып өтсеңіз?

– Қазақ «Мұсылман болу әсте-әсте» деп бекер айтпаған. Бірден кемеліне жеткен мұсылман бола қаламын деген әбестік шығар. Әуелі әріп танып, әліппе оқып, тақпақ жатып, сосын барып жоғарғы сынып пәндерін меңгеретін шәкірттер сынды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тарапынан Исламдағы бес парыз да біртіндеп түсіндірілген. Сондықтан, иманымызды бекітіп, намазымызды түгендеп, оразамызды ойдағыдай ұстана бастаған тұста Елбасымыз өзі сенім білдіріп отырған, Бас мүфти Ержан Малғажыұлының қадағалауымен ақырындап зекет тақырыбын да насихаттауды, халыққа жеткізуді қолға алып жатқан жайымыз бар.

Қазір қор  негізінен «Тайқазан», «Мұқтаждың мұңын бөліс», «Үміт сыйла, сәбиге»,  «Алтын алқалы анаға – тосын сый!» және «Жақсылықта жарысайық!» сынды жобалар аясында жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ұлағатты қариялардан құралған «Ұрпақтар сабақтастығы» клубы мен «Қуатымыз бірлікте!» еріктілер тобының белсенділігін атап өткім келеді.  

 Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зекет бермеген қауымдарды Алла Тағала міндетті түрде жоқшылық пен аштыққа ұшыратады», – деп қатаң ескерткен (Табарани). Сахаба Муазды (р.а.) Йеменге жіберерде: «Сен оларға байларының малынан садақа беруді Алла Тағаланың  парыз еткенін  үйрет» (Бұхари) деген екен. Сондықтан, біріншіден, зекетке бес парыздың бірі болғандықтан өте мұқият қараған жөн. Зекетті есептеудің өзіндік талаптары, шариғи шарттары бар. Ал «Зекет» қорында, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, осы іспен арнайы айналысып жүрген мамандар жұмыс істейді. Екіншіден, қазақта бір ауылдың мұқтажы екінші ауылға қайыр тілеп барса, ауылдың ауқатты адамдарына таңба болған. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Зекетін бермегеннің намазы қабыл емес. Кімде-кім мал-дүниесінің зекетін бермейтін болса, өзінен 20 фарсах жердегі тұрғындардың қайсыбірі аштан өлсе, зекет бермеуші солар үшін жауапқа тартылады», – делінген. Бір фарсах шамамен 6-7 шақырым. Сонда біз зекетімізді бермесек, осынша қашықтықтағы айналамызда өмір сүріп жатқан мұқтаждардың жағдайы үшін жауап береміз. Ендеше, әрбір дәулетті кәсіпкер, қалталы азамат өзі табыс тауып жатқан өлкенің кедей-кепшігіне қарайласып тұруы мұсылмандық міндет дегім келеді.

–                    Көршісі аш отырса, тамағынан ас өтпейтін халық едік. Бүгінде осы жағы қалай?

– Хұдси хадисте Алла тағала: «Менің разылығым – кедейдің асқазанында, кім оның қарнын тойдырса, тойдырған кісінің таразысын сауаппен толтырамын», – деген. Қор 140-қа жуық мұқтаж отбасыға «Тайқазан» жобасы бойынша ай сайын 1 миллион теңгеден астам қаражатқа азық-түлік үлестіріп келеді. Жоба барысында насихат жұмыстары да  жүргізіліп, биыл «Нұр Астана» мешітінің жанындағы сауат ашу курсының ұстаздары «Ұрпақ тәрбиесі», «Намаз құлшылығы», «Ахиретке дайындық», «Мұхаррам айы», «Аллаға құлшылық» тақырыптарында уағыз айтты.

– «Зекет» қоры көмір таратты деген жаңалықтарды да басылымдардан көзіміз шалып қалды...

– Иә, дұрыс айтасыз. Биыл біз қараша айынан бастап 3 рет 70-ке жуық отбасына жалпы сомасы 2 667 000 теңгеге шамамен 200 тоннадайкөмір тараттық. Осы шаралардың барлығы зекет беруші азаматтардың қаржысына атқарылды. Тек қорға келіп түскен өтініштерді ғана емес, сонымен қатар бүкіл астаналық мешіттердің мұқтаж жамағатын, қала маңындағы ауыл әкімдерімен хабарласып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тізімін алдық. Шарада Астана қаласы бойынша жер үйлер көптеп орналасқан «Оңтүстік-шығыс алабы» ықшам ауданы, әуежай маңындағы саяжайлар ғана емес, сонымен қатар Целиноград ауданына қарасты Қоянды, Қараөткел  ауылдары тұрғындары да қамтылды.

– Соңғы кездері Балалар церебралды салдығы ауруына шалдыққан бүлдіршіндер жөнінде әлеуметтік желілерде көмек сұраған ақпараттар көптеп жарияланып жатады. Денсаулығында кінәраттары бар балаларға қандай көмек көрсетіп келесіздер?

–                    Қордың «Үміт сыйла сәбиге!» жобасы аясындақор тізіміндегі ауыр науқас перзенттері бар отбасыларға материалдық, моральдық, ақпараттық колдау көрсетілуде. Шамамен ай сайын 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ем-шараларға, дәрі-дәрмекке, шетелде емделуге бару үшін жол шығындарына қаржы жұмсалды, жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

«Менің елім!» сурет байқауы өтті. Астанадағы №6 емхананың жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізетін «Ана жүрегі» акциясында белсенділік танытып, екі мәрте демеушілік жасадық. Камила Аманжолованың басшылығымен «Қуатымыз – бірлікте» еріктілер тобы республикалық, қалалық денсаулық сақтау нысандарында айына екі реттен ыстық тамақ, жеміс-жидек таратып, сыйлықтар апарып, ең бастысы науқас бүлдіршіндерге жүрек жылуын сыйлап келеді. Танымал өнер, спорт жұлдыздары, журналистер, кәсіпкерлердің қатысуымен квартал сайын өтетін «Жақсылықта жарысайық!» жобасы аясында да мүмкіндігі шектеулі балаларын қарап отырған аналарға пәтерақы төленіп, қамқорлық жасалуда. Шыны керек, қоғамның бір қасіреті десе де болады, көпшілік ер-азаматтар  денсаулығында кінәраты байқалған туған перзенттерінен бас тартып, отбасын тастап кетіп жатады. Сондықтан, мұндай қиындықпен бетпе-бет келген асыраушысы жоқ аналарға ең болмағанда азық-түлікпен көмектесуге тырысамыз.

–                    Қор тізімінде қанша мұқтаж адам тіркелген?

–                    «Зекет» қоры шынайы мұқтаж және жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ жандардың ғана тіркелуін қатаң қадағалайды. Мәселен, 2016 жылы 355 адам өтініш тастаған екен. Олардың бәрін әлеуметтік қызметкер үйлеріне барып, өз көзімен көріп, суретке түсіріп, материалдарды діни сарапшыға тапсырады. Алдағы уақытта мешіттерге келіп түскен өтініштерді тексеріп, мұқтаждардың ортақ базасын құру жағын ойластырып жатырмыз.

Исламда қол жаю жақсы қасиет емес. Мұны кәсіпке айналдырмау керек.  Сондықтан 3 ай, 6 ай, жағдайы өте қиындар ғана 1 жылға дейін азық-түлік алады. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі балаларын бағып отырған жалғызбасты аналар, құжаттарына қол жеткізе алмай жүрген қандастарымыз, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне басымдық береміз. Бұдан бөлек ай сайын 7 баладан көп баласы бар анаға бір реттік қаржылай көмек көрсететін «Алтын алқалы анаға – тосын сый» жобасы бар. Оған 2016 жылы оннан аса ана қатысып, әрқайсысы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін көмек алды. Аталған шараға биылғы жылы білікті психолог Лимана Қойшиева, танымал ақын Құралай Омар, әнші Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева сынды белсенді қыз-келіншектер атсалысып, сыйлықтарын табыстап, көңілдерін ауласа, мешіт ұстаздары имандылыққа шақырып, қазыналы қариялар ақыл-кеңестерімен бөлісті.

–                    Мұсылмандар сағына күтетін Рамазан айында барынша сауап алып қалу үшін иманды азаматтардың белсенділігі артып, зекет, садақа берушілер де көбейетін шығар?

–                    Иә, дұрыс айтасыз. Жамағатпен, жомарт жандармен біріге отырып, қор тарапынан өткен жылы Рамазан айы кең көлемде аталып өтті. «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап беріледі», – деген Пайғамбар өсиетін орындап, Рамазан айында әртүрлі әлеуметтік топтарға ауызашарлар ұйымдастырылды. Мәселен, қор тізімінде тұрған 100-ге тарта ораза тұтқан мұқтаж жанға 320 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, ауызашар жасалды Осындай көптеген сауапты шаралар жүзеге асты.

Атап айтқанда, «Мейірімділік мекені» шарасы аясында 100 отбасыға 100 мың теңгеден 10 миллион теңге берілді.

–                    Зекет жайында, сіздердің қорларыңыз туралы халықтың мейлінше көбірек білгені абзал. Насихат жағы қалай жүзеге асуда?

– Бүгінде www.zeketastana.kz сайтымыз, фейсбук, инстаграм (@zeket_kory_astana), вконтакте, ютуб сынды әлеуметтік желілерде парақшаларымыз жұмыс істеп тұр. Заман ағымына сай қайырымдылыққа үндейтін, зекет, садақаның маңызын түсіндіретін роликтер түсірілді, блокнот, баннер, брендбук, қалам, парақшалар шығарылды. Қор жұмыстары жайында «Хабар», «24кз», «Қазақстан», «Асыл арна» телеарналарынан жаңалықтар беріліп тұрады.

Сонымен қатар, мешіттердің «Үммет.кз», «Муслим. кз» сайттарында материалдар жарық көрді. Жамағатпен де жалпы жұмыс жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік мерекесіне орай әйелдер арасында тұңғыш спорттық-эстафеталық марафон ұйымдастырылғанын айта кетуге болады. Қаңтар айынан бастап көпшіліктің көзайымына айналған білікті имамдардың қатысуымен «Үздік уағыздар сериясы» өзекті мәселелер төңірегінде  видео топтамаларын ютубтағы ресми арнамызда жариялай бастадық.

–                    «Зекет» қорының Астана қаласы бойынша жылдық бюджетіне тоқталсаңыз? Өткен жылы қорға қанша адам зекет тапсырды?

–                    2016 жылы бюджетіміз 31 миллион теңгеден асты. Екі журналист, бір әлеуметтік қызметкер, бір кеңсе қызметкері жалақыға жұмыс істейді. Білікті ұстаз Бағзат Расулұлы діни сараптама жасап, зекет есептеудің қыр-сырын меңгеріп отыр. Былтыр алпыстан аса азамат зекеттерін сеніп тапсырды. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қанша қаржы түскені, қанша жұмсалғаны сайтымызда көрсетіледі.

Алла разы болсын, жасырын, жария зекет, садақаларын беріп жатқан жомарт жандар баршылық. Дегенмен, әлі де жұрт болып жұмылып, зекет туралы насихатты жетілдіре беруіміз керек. Көпшілігі тіпті дүниесін есептемей, шамалап 100-200 мың теңге немесе белгілі бір көлемдегі қаражатты мұқтаждарға беріп, соны зекет деп есептейді. Садақасын, жақын туған-туыстарына берген көмектерін зекетпен шатастырып жататын жайттар әлі күнге дейін кездеседі. Кейбірі өзіне зекет парыз болғандығын білмей қалып жатады. Себебі, баспанасы, көлігі болмаса да, 1 117 750 теңгеден артық жиғаны бар мұсылман бай болып саналады. Оған жылына бір рет зекет беру парыз.

Осы орайда, зекет нақты есептеліп және Құранда көрсетілген 8 топқа ғана беру керектігін білген жөн. Егер түсініксіз жайттар болса, сайтта, әлеуметтік желілерде барлық байланыс жолдары көрсетілген. Кез келген уақытта сұрап кеңес алуға болады.

–                    Сіз өз жеке кәсібіңіз бар кәсіпкерсіз. Дегенмен, зекет насихатына, қайырымдылық шараларымен тыңғылықты айналысуға да  уақыт тауып жүрсіз. «Зекет» қоры арқылы елдің жағдайымен жақынырақ таныса келе, жан-дүниеңізде қандай өзгерістер болды?

–                    Зекет, садақаның пайдасы жайында ұзақ айтуға болады. «Рузанамаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – дейді ғұлама Абай. Зекет, садақа беру арқылы  парыздарды орындап қана қоймай, түрлі қиын тағдырмен бетпе-бет келген жандарды көргенде, жүрегің жібіп, өз өміріңе деген шүкірлігің, қанағатшылдығың артады екен. Сондықтан, қайырымдылық жасау адамның екі дүниесі үшін пайда. Қазақ «Қолы ашықтың – жолы ашық» дейді. Қолыңда бар дүниені шариғат көрсеткендей елмен бөліссең, берекең артады. Алла Тағала«... тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла тағы есесін береді», – деп дейді (Сәбә, 39-аят).  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Садақа беру ешқашан байлықты кемітпейді», –делінген. Сондықтан, әрқайсымыз ниетіміз болса, бес парызымыздың бірі – зекетті төлеп, оны насихаттауға өз үлесімізді қоса аламыз.

–                    Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Ескендір Ерғалиұлы

0 пікір