ҒАЛАМТОРДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚ
ҒАЛАМТОРДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚ

Олардан сақтану үшін не істеу керек?

 

Өткен жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы таратқан мәліметке қарағанда, қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалатын болыпты. Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды. Бүгінде халықтың көбі, әсіресе оң-солын танып үлгермеген жастар интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың да сол ауылды торуылдайтыны түсінікті жайт.

Интернет-алаяқтық деген не, түрлері қандай, олардан қалай сақтанамыз деген маңызды сұрақтарға жауап алу үшін ақпараттық технологияларды пайдаланып жасалатын қылмыстарға қарсы әрекет ететін орган – ІІМ Криминалдық полиция департаменті, «К» басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлібек Оразалымен сұхбаттасқан едік.

 

–                   Әлібек Сайлауұлы, ең алдымен, интернет-алаяқтық деген терминге қысқаша анықтама беріп өтсеңіз?

–                   Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.

Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.

–                   Бұл алаяқтықтың басқа қылмыстардан қандай ерекшеліктерін айтар едіңіз?

–                   Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.

Біздің бөліністің негізгі міндеті – ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес болып табылады. Сонымен бірге, кейбір квалификациялық белгілері бар қылмыстық құқық бұзушылықтарға, яғни ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық, ұрлық, қорлау, жала жабу және т.б. қарсы жұмыстар жүргізеді.

–                   Соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың қандай түрлері көп кездесіп жүр?

–                   Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.

Түсінікті болу үшін нақты мысалдарға тоқталғаным дұрыс шығар. Мысалы, қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Жақында мынадай бір оқиға болды. Бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді бұл. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», – дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады.

Бұдан бөлек, өткен жылдың қараша айынан бастап Халық банкінің банкоматтарында «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» жаңа қызметі қолжетімді болды. Енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда, осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданды.

–                   Банктің бұл жаңа қызметі бойынша адамдарды қалай алдайды?

–                   Ол да жоғарыда айтылған оқиға секілді. Алдымен адамдардың сеніміне кіріп алады да, сосын «келген парольді айтып берсеңіз» дейді. Парольді қолына алған алаяқ оның шотындағы ақшаның бәрін өзіне аударып алады немесе қолма-қол шешіп алады.

Өткен жылы орын алған тағы бір мынадай ірі алаяқтық оқиғасын айта кетуге болады. Солтүстік Қазақстан облысында белгілі спортшы бар. Атын атамай-ақ қояйын. Сол жігіт қатерлі ісік ауруына шалдығып, дерті асқынған соң, анасы ұлының достарының қолдауымен әлеуметтік желіде көмек сұрау парақшасын ашады. Танымал жігітке, алғашқыда көптеген қазақстандықтар парақшада көрсетілген реквизиті бойынша қаражат аударып, қол ұштарын бере бастайды.

Содан 1 шілде күні белгісіз адам спортшының анасына телефон шалып: «Мен сізге көмек көрсетсем деймін. Қазір сізге Халық банкінен код келеді, соны маған айтсаңыз, мен шотыңызға қомақты қаржы аударып жіберем», – дейді. Біраздан кейін анасы өзіне келген смс-хабарламадағы кодты жаңағы көмектесемін деген адамға айтып береді. Алаяқ кодпен ана кісінің интернет-банкингіне кіріп, ондағы халықтан жиналған 6 млн. 884 мың теңге қаражатты басқа шотқа аударып жіберген.

Ал спортшының анасы көмектесем деп хабарласып жатқан адамдар көп болғандықтан, оған аса мән де бермеген. Шотын да тексермеген. Содан           шілденің 4-і күні оған банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалынып:                  «1-і күні сіздің шотыңыздан басқа жаққа осынша сома аударылды. Оны білесіз бе?», – деп сұрайды. Жалпы, кез келген банкте осы секілді бірден қомақты сома аударымы жасалса, қауіпсіздік қызметі оның иесіне ескертіп отырады.

Алаяққа алданғанын сол кезде барып білген спортшының анасы құқық қорғау органдарына арыз жазып, біздің қызметкерлердің табанды іздестіруінің арқасында М. есімді азамат ұсталып, өткен жылдың 23 желтоқсанында оған сот өкімі шықты. Енді ол 6 жыл 8 ай уақытын темір тордың арғы жағында өткізетін болды.

–                   Соңғы уақыттарда болып жатқан интернет-алдаяқтық қылмыстарының негізі осы интернет-банкингпен, яғни ақша жымқырумен байланысты болғаны ғой?

–                   Одан бөлек, интернет-дүкендермен байланысты алаяқтықтар да аз болып жатқан жоқ. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес. Мысалы, соңғы кездері «iPhone-6» немесе  «iPhone-7» телефондарын өтірік жарнамалап:                         «5 телефон ғана қалды, негізі 260-300 мың тұрса, біз өз бағасына 180 мыңға береміз», – деп қызықтырады. Соған алданғандар алаяқтарға «QIWI-әмиян» («QIWI-кошелек») арқылы ақшасын аударады. Міне, бұл енді банк арқылы емес, QIWI-әмиянмен жасалатын интернет-алаяқтықтың түрі.

Біз тексеру барысында көбіне осындай QIWI-әмияндардың нөмірі шетелдерге тиесілі болып шығып жатады. Сондықтан, жәбірленушіден арыз қабылдаған соң, қылмыскерді табу үшін, есепшот қай мемлекетке тиесілі болса, сол елдің құқық қорғау органдарымен хабарласып, бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз.

–                   Интернет-алаяқтықтың бір түрі – фишинг дедіңіз. Бұл не, осыған тоқтала кетсеңіз?

–                   Бұл –  интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу болып табылады. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің немесе банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады. Негізі, айта кететін нәрсе, электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаған жөн, ашқан күннің өзінде ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларды мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн.

Мысалы, сізге байланыс операторларының атынан осындай жалған хат келеді. Егер сол хаттың ішінде көрсетілген сілтемені бассаңыз болды, сіздің компьютеріңізге вирус кіріп кетуі мүмкін. Тіпті, вирус кірмесе де, сілтеменің ішінде «Қауіпсіздікті сақтау үшін логин мен пароліңізді қайта енгізіңіз немесе өзгертіңіз» деген сияқты жазу болады. Ол жерге өзіңіздің логиніңіз бен пароліңізді жазсаңыз – осы мәліметтеріңізді қаскүнемдердің қолына ұстаттыңыз деген сөз.

–                   Интернет арқылы қайыр сұрау дедіңіз. Ол не сонда?

–                   Бұл жерде алаяқтар интернетте, әлеуметтік желілерде танымал демеушілердің, қайырымдылық қорларының атынан мұқтаж адамдарға көмек көрсету туралы жарнамалар береді. Өздері сол қорлардың сайтының не аккаунтының тура көшірмесін жасайды. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы мүмкін. Тек, реквизит номерлері ғана басқаша болады. Көмек көрсеткісі келген адам қорлардың шын сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан, қорларға қаражат аударамын деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп алып қана көмек қолын созуы тиіс.

–                   Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде ауыр дертке шалдыққан бөтен баланың суретін жариялап: «Менің балам еді, қатты науқас, көмек беріңіздер», – деп пайда табатындар көбейіп кетті. Бұл да осы санаттағы алаяқтыққа жатады емес пе?

–                   Иә, бұл да алаяқтықтың бір түрі. Ал, менің айтып отырғаным, жұмыс істеп тұрған шынайы қорларға тиесілі мәліметтердің көшірмелерін жасап, адамдарды алдап соғатындар жайында.

–                   SMS-алаяқтық жөнінде де ақпарат бере кетсеңіз?

–                   Бұл да соңғы уақытта көп болып жүрген алаяқтық қылмысқа жатады. Мәселен, сізге телефон немесе теледидар секілді бағалы заттар сататын белгілі компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан хабарлама келеді не телефон шалады да: «Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз», «Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз» деп қызықтырады.

Жуырда болған бір оқиғаны айта кетейін. Бір азаматқа тұрмыстық техника сататын белгілі дүкеннің атынан «Құттықтаймыз! Сіз жүлделі болдыңыз! Толық ақпарат алу үшін мына нөмірге хабарласыңыз» деген SMS-хабарлама келеді. Қазекең мұндай батпан құйрықты құр жіберсін бе, ол не жүлде болды екен деп звондаса: «Сіз біздің тауарларымызды алған тұрақты клиентіміз болып келесіз. Біріншіден, сізге сол үшін алғыс айтамыз. Екіншіден, біз өз клиенттеріміз арасында жүлде ойнаттық. Соның ішінен сіз ұтып тұрсыз. Сізге плазмалық теледидар сыйламақшымыз. Енді оны сізге жеткізу үшін 5 мың теңге жол шығынын төлеу қажет», – дейді. Ол QIWI-әмиянмен ақшаны аударып жібереді. Сәлден кейін тағы қоңырау шалып: «Кешіріңіз, біз қателесіппіз, 5 мың теңге тек рәсімдеу үшін ғана екен. Ал, жол шығыны – 10 мың теңге», – дейді. Бұл болса: «Жарайды», – деп оны да аударады. Сосын бұдан мекенжайын сұрап, 4-қабатта тұратынын білгенде: «Кешіріңіз, 4 қабатқа шығару үшін жұмыскерлерге әр қабатына мың теңгеден 4 мың теңге төленуі тиіс», – дейді. Әлгі кісі: «Мен өзім-ақ барып алып кететін едім ғой», – десе, «Жоқ, біз өзіміз апарып береміз», – деп тағы 4 мың теңгені аудартып алыпты. Онымен тоқтамай тағы бір-екі мәрте хабарласып, ақша төлеудің жолдарын айта бастайды. Содан соң, күмәнданған әлгі кісі ашуланып оларға ұрса бастағаны сол екен, телефон тетігін дереу қойып, сол күйі ол нөмер сөндірулі болады.

Міне, бір қарағанда қарапайым болса да, осындай алаяқтықтарға бүгінде елімізде көп адам алданып қалып жатыр.

Негізі, өмірде болып жатқан интернет-алаяқтық жағдайлары біздің статистикада тіркелген көрсеткіштен әлдеқайда көп. Бірақ, адамдар оған мән бере бермейді. Мәселен, сіздің компьютеріңізге немесе смартфоныңызға вирус кіреді де, браузеріңізді бұғаттап тастап, ол жерге өзінің браузерін жүктеп қояды. Сіз оған кіргенде бағдарламалардың бәрі толықтай істен шығады да, экранға: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Сіз осындай заңсыз сайтқа кіргеніңізге байланысты компьютеріңіз бұғатталды. Сол үшін айыппұл төлейсіз (10-15 мың теңге), сонда сізді бұғаттаудан шығарамыз», – деп жазылады. Осыған көп адамдар, әсіресе, интернеттегі әр сайтқа қызығып кіре беретін жасөспірімдер тап болып қалады да, үйіндегілерге айтпау үшін көрсетілген шотқа ақша төлеп жатады. Естеріңізде болсын, мемлекеттік органдар компьютерді не смартфонды бұғаттамайды. Ішкі істер министрлігінің бұндай хабарламаларға қатысы жоқ.

Оқырмандар хабардар болып жүруі үшін мына маңызды жағдайды да айта кетсем артық болмас. Жақында бір қыз әлеуметтік желіде бір жігітпен танысып, сөйлесіп отырып: «Менің айфонымды бүгін әкем жұмысқа алып кетіпті. Ішінде жеке суреттерім бар еді, көріп қоятын болды, енді не істесем екен? – дейді жігітке. – Егер сізде де айфон болса, менің «iCloud»-ма кіріп, суреттерімді өшіріп тастаңызшы», – деп өтінеді. Өздеріңіз білесіздер, айфон, айпадтарда «iCloud» деген бағдарлама бар. Әр тұтынушының өзінің жеке логині мен паролі болады. Егер басқа телефоннан сол логин-парольмен кірсе, оның суреттерін, мәліметтерін көре алады. Жігіт келісіп, қыз жолдаған логин мен пароль арқылы «iCloud»-қа кіреді. Қыз «суреттерімді көрдің бе, ішінен «интимдік суреттерді» өшірші» дейді, жігіт «интимдік суреттерді» таба алмағанын айтады. Сонды қыз ол суреттерді көру үшін «Айфонды табу» бағдарламасына қосылу қажет дейді. «Интимдік фотосуреттерімді» деген соң жігіттің қызығушылығы оянып, аталғанжүйесіне қосылады. Сол кезде қыздың «iCloud»-на қосылған телефондар тізімі шығады да, қыз өзіне қосылып жатқан жігіттің айфонын бірден бұғаттап тастайды. Сол сәтте жігіттің телефоны қайта жүктеуге кетіп қалады да, қайта қосылмайды. Сөйтіп, алаяқ қыз оған: «Мен сені құттықтаймын. Сенің айфоның қазір бұғатталды. Оны мен ғана іске қоса аламын. Сізге жаңа парольді беру үшін шотыма ақша саласыз», – дейді. Егер қыздан парольді алмаса, жігіттің телефоны мүлдем қосылмайды деген сөз.

Сондықтан, әлеуметтік желілерде таныс емес адамдармен араласуда аса сақ болған жөн. Қазір әдемі қыздар мен жігіттердің суреттері қойылған фэйктік парақшалар өте көп. Ол жерде аяқтан шалатын алаяқтықтардың да сан түрі пайда болуда. Бұл бізден бөгде біреулермен сөйлесуде сауысқандай сақ болуды талап етеді. 

–                   Интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдарға қандай жаза түрлері қарастырылған?

–                   Мұндай қылмыс түрін жасаған адамның мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал егер аса ірі мөлшерде жасаған болса,  мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

-                   Ақпараттық жүйелерді пайдаланып алаяқтық жасайтындарға алданып қалмау үшін не істеу керек? Маман ретінде кеңестеріңізді айта кетсеңіз?

–                   Жоғарыда интернет-дүкендер жайлы айтып өттік. Әрине, интернетте керемет тауарлардың жарнамаланып жатқанын көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.

Осы жерде тағы айта кететін маңызды нәрсе – әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені, ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.

Одан кейін естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпайық.

–                   Ал, енді, біз интернет-алаяқтарға алданып қалғанымызды білдік, ақшаны төлеп қойдық, сол кезде ең бірінші әрекетіміз қандай болуы керек?

–                   Ондай кезде алаяқпен ұрысып-керіспей, онымен байланысты мейлінше созуға тырысу керек. Мысалы, ол сізден тағы ақша сұрап жатса, ал сіз оның алаяқ екенін білген болсаңыз: «Қазір менде ақша жоқ еді, бір жерден алып келейін, жарты сағаттан кейін немесе ертең хабарласа аласыз ба?», – деген секілді онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасау қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп, мүлдем жасырынып кетуіне жол бермеуге тырысқан жөн. Сол секілді терминалмен төлеген чектерді, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап, дереу арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл мәліметтердің бәрі біздің алаяқты табуымызға көмектеседі.

–                   Ел тұрғындары үшін аса маңызды ақпараттармен бөлісіп, сұхбат бергеніңізге рахмет!    

 

Сұхбаттасқан Ескендір Тасболат

1 комментарий
  • Мен жсн мен картамды түсіріп жібердім код келді бірақ айтпадым маған алына ма алынбайма айтыңыздарыш
    4 года назад
Прямой эфир