Сексен жыл сөнбеген шырақ
Сексен жыл сөнбеген шырақ

Елордамыздың тұрғыны, 92 жастағы Әминаш әжей 1937 жылы «халық жауы» деп атылып кеткен әкесі Кеңжасар Кеншуақов туралы мәліметтерді 80 жыл өткесін тапты. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің зұлмат жылдардағы саяси қуғын-сүргін зардаптары туралы жазған «20-40 жылдардағы Қазақстандағы сталинизм мен қуғын-сүргін» атты кітабында Қызыл империяның қазақ халқын түп-түбірімен жойып жіберу үшін алты бірдей зымиян саясатты іске асырғаны егжей-тегжейлі баяндалады. Сырттан төнген алакөздердің жымысқы әрекеттерінен сақтану үшін мұның қандай шаралар болғанын әрбір қазақ баласы білгені жөн деп есептейміз.

Қазақты ұлт ретінде жойып, басыбайлы құл етуді ойлаған Кеңес Одағы ең алғаш Алашорда үкіметін құлатып, ұлтқа тұтқа болар зиялалырдың көзін құртты. Кейін халық арасындағы қаражаты бар, аяқасты көтеріліс бола қалса, бірдеңе ұйымдастырып, қол ұшын соза алар деген ауқатты адамдарды «байлар» деген желеумен кәмпескеледі. Үшінші – 30-33 жылдары бүкіл елді аштыққа ұрындырып, қазақтың 40 пайыздан астамын қырды. Төртінші – 37-38 жылдарда шамалы білімі бар қазақ оқығандарын ату жазасына кесті. Бесінші – алғашында Кеңес Одағымен бірге жұмыс жасап, бірақ қазақтың мүддесін көксегендерді қуғын-сүргінге ұшыратты. Алтыншы – әліпбиімізді екі рет ауыстырып, ұрпақтар сабақтастығын үзді. Осы айтылған алты соққы ұлтымызға жасалған бұрын-соңды болмаған геноцид еді.
Сол алыс жылдардағы зұлматтың салқыны әлі де көп адамның көкейін сыздатып жүргені рас. Жазықсыз айып тағылып, атылып кеткен немесе итжеккенге айдалып, үз-түзсіз жоғалған боздақтардың бірқатары кейінгі жылдары ақталып жатса, әлі де ақталмақ былай тұрсын, тіпті артында ешбір дерек қалмаған, қалса да, ұрпақтарына белгісіз болып келе жатқан сталинизм құрбандары аз емес. Солардың бірі – бар кінәсі – оқығандығы, көзі ашық болғаны және Меккеге үш рет барып, қажы атанған молдалығы үшін ғана 1937 жылы үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген Кеңжасар Кеншуақов.
Бұл кісі 1980 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Аққайың, сол уақыттағы Бейнетқор ауданы, Өрнек ұжымшарында дүниеге келеді. Заманының көзі ашық, білімді адамы болған екен. Екі тілде де сауатты жазып, еркін сөйлеген.
Жеке шаруашылығында ондаған ірі қара, қой-ешкі ұстаған аймақтағы ауқатты адамдардың бірінен саналыпты. Өрнек ұжымшарының хатшысы болып еңбек етіп жүргенде оған «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргіздің», «бай-молдасың» деген жалған айыптар тағылып, үш рет тұтқындайды. Соңғы үшінші рет 1937 жылдың 2 қарашасында қамауға алынса, сол жылы 5 желтоқсанда ату жазасы туралы үкім шығыпты. Қылмыстық істегі дерек бойынша, 10 желтоқсан күні жаза үкімі орындалған.
Бұл кісінің артында Әминаш есімді жалғыз қызы қалған екен. Оның анасы сәби шағында дүние салғандықтан, әкесін тұтқындаған соң тұл жетім қалған 13 жасар Әминашты туысқандары тәрбиесіне алыпты.
Бүгінде 92 жасқа қараған Әминаш әжей Елордамызда тұрып жатыр. Біздің бұл мақаланы жазуымызға түрткі болған жайт – Әминаш әжейдің шаңырағы үшін көптен күткен қуанышты жаңалық, яғни сонау 1937 жылы әкесі Кеңжасар Кеншуақовқа қатысты жүргізілген қылмыстық іс материалдарының табылуы еді. Осыған орай, Әминаш апаның қызы, яғни К. Кеншуақовтың туған жиені Еңлік Наурызбаевамен жолығып, қуаныштарымен бөлісіп, әңгіме тиегін ағыттық.
«Бала кезімізде анам өзінің әкесі туралы бізге көпайта бермейтін. Өйткені, ол кезде заман сондай болды. «Халық жауы» атанған адамның есімін ауызға алудың өзі қауіпті еді, – дейді Еңлік апай. – Анамыз тек 80-жылдары ғана қайта құру кезінде әкесінің кім болғаны, қашан оны ұстап әкеткені туралы айта бастады».
Қызыл империя құлап, еркіндік алғаннан кейін-ақ Еңлік апайдың бастамасымен аталарын іздеп талай жерге хат жазады. Алайда, қай жерге өтінішпен шықса да, «ондай кісі туралы еш мәлімет жоқ» деген ғана жауап хаттар алады. Тек 2004 жылы ғана ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды іздейтін комитеті бар екенін және соған өтініш жазуға болатындығын естиді.
«Алматыдағы сол комитетке өтініш жаздым. Қуанышыма орай, ең алғаш рет сол жерде атамды ату жазасына кесу туралы үкім жазылған хаттаманы тауып берді. Ол кісі жайындағы ең алғаш тапқан қандай да бір тұңғыш дерегіміз осы болатын. Бұл құжатты қолға алып оқып шығудың өзі сондай қорқынышты еді. Қолың дірілдемей оқу мүмкін емес. Кәдімгі мектеп дәптеріне қарындашпен атамның анкеталық деректері және үштіктің ату жазасы туралы шешімі жазылыпты», – дейді Е. Наурызбаева.
Дегенмен, соңғы жылдары жасы 90-нан асқан Әминаш әжейді әкесінің қайда атылғаны және қай жерде жерленгені белгісіз болып қалып бара жатқандығы маза бермейді. Содан өткен жылдан Еңлік апай қайтадан белсенді түрде атасының деректерін іздестіре бастайды. Алдымен қуғын-сүргінге ұшырағандардың материалдары құпиялылық санатынан шығарылып, мұрағатқа берілген деген ақпаратты естіп, Орталық мемлекеттік мұрағатқа хабарласады. Алайда, ондағылар аталған істердің құпиялылығы төмендетіліп, Ішкі істер министрлігі құзырына берілгендігін айтыпты.
«Осыдан кейін мен Ішкі істер министрлігінің Арнайы мемлекеттік мұрағатына хат жазып, бұнда «Мемориал» базасының жұмыс істейтінін білдім. Осы мұрағаттың бастығы, полиция подполковнигі Дария Әлиқызымен танысып, сол кісінің көмегінің арқасында атамның қылмыстық іс құжаттарымен алғаш рет танысуға мүмкіндік алдым. Бұл құжаттар Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД мұрағатында сақтаулы болып шықты.
Атам Кеңжасардың өз қолымен жазған қағаздарын көргенімде қатты толқығаным рас. Мен ол кісінің өзін көрмесем де, оның көзіндей болған жәдігердің сақталғаны қуантты. Біз үшін мақтан тұтарлық нәрсе – атамыздыңдәулетті, қанша мал-мүлкі болғаны емес, өз заманының сауатты, білімді адам болғандығы. Сол 37 жылы өзінің түсініктемесінде «Ордер мне предъявлен» деп жазады. Бұл қазіргі мемлекеттік қызметкерлер қолданатын қызметтік заманауи сөз екені белгілі. Іс материалдарымен танысып отырып, атамның орысша да, қазақша латын әліпбиімен де жазғанын білдік.
Қылмыстық істе ол кісінің отбасылық жағдайы туралы мәлімет беріліп: «Тұтқынға алынғанның Әминаш атты қызы бар, 13 жаста» деп анам жайында да айтылыпты. Тек, бір өкініштісі, қайда жерленгені туралы ешбір дерек жоқ болып шықты.
Осы табылған атам туралы мәліметтерді, оның өз қолымен жазған хаттарын суретке түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы барлық туысқандарыма тараттым. Олардың кейбіреуі шетелдерде тұрады. Бәрі тебіреніспен оқып, қуанышты екендіктерін білдіріп жатыр. Біз үшін, әсіресе, 92 жастағы анам үшін қаншама жыл сарыла күткен осы бір деректердің табылуына көмектескен ІІМ Арнайы мемлекеттік мұрағатына алғысымды айтамын. Солардың арасында, маған үлкен ілтипатпен қол ұшын созып, жақын адамымдай жанашырлық танытқан мұрағат бастығы Дария Әлиқызына рахмет. Бұл жерде өз ісін білетін, қызметін жақсы көретін және құлшыныспен еңбек ететін қызметкерлердің бар екеніне көз жеткіздім. «Мемориал» сервисі халыққа өте керек, әлі де аталарын іздеп жүрген біз сияқты отандастарымыз бар. Осы жолдағы еңбектеріңіз жанып, халықтың ықыласына бөлене беріңіздер», – деп сөзін аяқтады Еңлік Наурызбаева.
Біз оқырмандар хабардар болып жүрсін деген мақсатпен ҚР ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығы Арнайы мемлекеттік мұрағатының бастығы, полиция подполковнигі Дария Әлиқызымен де аз-кем тілдесіп, өткен жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Мемориал» сервисі туралы сұраған болатынбыз.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпаратты халыққа қолжетімді қылу және олардың отбасыларына сол уақытта құрбан болып кеткен ата-бабаларына қатысты деректерді тауып беру үшін ІІМ веб-порталында 2016 жылдан бері әлеуметтік маңызы бар «Мемориал» сервисі жұмыс жасайды. Оған РСФКР ҚК-нің 58-59-баптары бойынша және басқа да одақтас республикалардың ҚК-нің баптарына сәйкес (мемлекеттік қылмыстары мен контрреволюциялық әрекеттері үшін)әртүрлі жазалау мерзімдеріне сотталған адамдардың қылмыстық істерінен алынған мәліметтер қосылды.
«Мемориалға» қуғын-сүргінге ұшыраған 110 мыңға жуық адам туралы ақпарат енгізілді.Тек 2016 жылдың өзінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарынан, ғалым-зерттеушілерден, қоғамдық ұйымдардан, мұрағаттар мен мемлекеттік органдардан 789 өтініш пен сұрау салу келіп түсті», – деді полиция подполковнигі Дария Әлиқызы.
Мұрағат басшысының айтуынша, «Мемориал» базасына өздерінің аталарын іздеген кез келген ел азаматы өтініш жазып, көмек алуына болады. «Егер олар шын туысқан екенін дәлелдеп берсе, біз тауып береміз. Қылмыстық істерің ішінде жеке суреттері, төлқұжаттары, өз қолымен жазған хаттары болса, оны туыстарына қайтарамыз. Өзімізге көшірмелерін алып қаламыз. Ондай жағдайлар болды», – дейді ол.
«Мемориал» базасындағы мұрағаттық құжаттар арасында қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ интеллигенциясының қайраткерлері Ахмет Байтұрсыновтың, Ораз Жандосовтың, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиннің және т.б. қылмыстық істері (Алматы қалалық ІІД мұрағатында)сақтаулы екенін де айтып өтті.
Сонымен қатар, Дария Әлиқызы 10 ақпан күні веб-порталда Ұлы Отан соғысы кезінде немістерде тұтқында болып, кейін елге оралып, бұл жақта да «немістің шпионысың» деген айыппен сотты болып, қамалған әскери тұтқындардың базасы ашылатынын жеткізді. Ол жерде аталған азаматтар туралы іріктелген, трофейлік материалдар шоғырландырылмақ. Қазіргі таңда әскери тұтқындар базасына 60 мыңнан астам адам туралы мәлімет жинақталып үлгерген.

Ескендір ТАСБОЛАТ

0 комментариев